Мәслихаттың жетім балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мәселесі бойынша кезекті сессиясы
31.03.2021
Алтыншаш Табулдинаның төрайымдық етуімен ZOOM сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Мәслихат регламентіне сәйкес депутаттар сессияның күн тәртібіне дауыс берді. Мәслихат сессиясының төрағасы кезекті сессияның мәселелерін талқылау кезінде мәселелерді сапалы пысықтау үшін сессияның күн тәртібіне 3-ші және 4-ші мәселелерді енгізбеу туралы ұсыныс түскенін айтты. Сондай-ақ, бұл ұсынысты дауысқа салды.
Сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелеріне сәйкес Алтыншаш Табулдина дауыс беру арқылы «Астана қаласы бойынша іске асыру жоспарланған жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі туралы» Астана қаласы мәслихатының 2019 жылғы 6 наурыздағы №355/45-VI шешіміне өзгерістер енгізу туралы» үшінші мәселені және «Нұр-Сұлтан қаласында алты жалпы білім беретін мектеп салу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» төртінші мәселені қоспау туралы шешім қабылданғанын айтты.
Осылайша, мәслихат сессиясының қарауына жеті мәселе шығарылды.
«Нұр-Сұлтан қаласында жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасына тәрбиелеуге (асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа) берілген балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету» жөніндегі негізгі мәселе бойынша әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов сөз сөйледі.
Н. Нұркенов депутаттарға балаларды қорғау, соның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау негізгі мемлекеттік басымдықтардың бірі болып табылатынын айтты.
Оның айтуынша, барлығы 838 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде интернаттық мекемелерде 184 бала, отбасында 654 бала тәрбиеленуде. Интернаттық мекемелерде тәрбиеленетін жетім балалар мен ата-ана балаларының санын 2,1%-ға қысқарту бойынша оң үрдіс байқалады. Соңғы бес жылда Кәмелетке толмағандарға арналған жетімдер үйі мен Балалар үйі жабылды, олар Қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына өзгертілді. Қазіргі уақытта SOS Балалар ауылымен бірлесіп тұрақты топтардан Балалар ауылына біртіндеп көшіру жүргізіліп жатыр. Екі жыл ішінде 40 бала ауыстырылды, ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 7 бала ауыстырылмақ. Сондай-ақ, қазір уақытша форма - мереке және демалыс күндері, сондай-ақ демалыс кезінде балалар келісім-шарт бойынша берілетін қонақ етіп күтетін отбасылар түрі дамып келеді. Қонақ етіп күтетін отбасылар саны 38%-ға артты.
«Асырап алушы ата-аналар мектебінен міндетті өту туралы» ҚР Заңына сәйкес қалада үш ААМ жұмыс істейді, онда оқу мерзімі үш ай. Өткен екі жыл ішінде ААМ базасында 260 үміткер сертификат алды, кезекте 200-ден астам адам тұр.
Бүгінде 54 баланың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозиттері, 48 баланың білім беру депозиттері бар. Тұрғын үй алу кезегінде 2771 тәрбиеленуші тұр, ағымдағы жылы 14 адам тұрғын үй алды, 2019 жылы 127 адам, 2020 жылы - 121 адам пәтер алды.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық мекемелерден 2020 жылы 21 тәрбиеленуші шықты, оның екеуі ЖОО-ға, 19 түлек колледждерге түсті. Барлығы грантта оқиды, білім беру ұйымдарының жатақханаларында орындармен қамтамасыз етілген, стипендия, тамақ, киім-кешекпен қамтылған.
Ағымдағы жылдың соңына дейін осындай санаттағы балаларға психологиялық қолдау көрсету қызметін ашу, «интеграцияланған отбасы» жобасын кеңейту, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірі мен мансабын жоспарлау шеңберінде бизнес-құрылымдармен 3 меморандум жасасу, балаларды Орталықтан Балалар ауылына жіберу тәжірибесін жалғастыру, тәрбие жұмысын, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, балаларды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру жоспарда бар.
Депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханова интернат мекемелеріндегі балалармен үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын, тұру, тамақтану, білім беру мәселелері шешілгенін атап өтті. Алайда, бүгінде шұғыл шешуді қажет ететін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Әлі күнге дейін мұндай балалардың жалпы саны туралы деректер мен бірыңғай база жоқ.
Білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары ұсынған мәліметтер бойынша 2771 адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу бойынша кезекте тұр, 18-ден 23 жасқа дейінгі 838 бала білім басқармасының қарауында. Мемлекеттік органдардың ақпаратына сәйкес 24 бала жұмысқа орналастырылды, 817 - интернаттық мекемелерде, 2 - жоғары оқу орындарына, 19 - колледждерге түсті. 1909 баланың тағдыры туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Осыған байланысты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алудың бірыңғай базасын қалыптастыру қажет. Жастар саясаты басқармасына осындай санаттағы балаларды интернаттан кейінгі сүйемелдеу мәселелері жүктеген абзал.
Интернаттық мекемелердің қабырғаларында балалардың жайлы психологиялық өмір сүру жағдайлары тәрбиешілерге байланысты, олардың жалақысын көтеру мүмкіндігін қарастыру қажет. Іс жүзінде 18 жасқа дейін балаларға бақылау жүргізіледі, бірақ олар есейген кезде назардан тыс қалады. Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді іс-шаралар жоспары қажет (ОҚО және ШҚО сияқты). Сондай-ақ, психологиялық жарақаттануды болдырмау үшін мұндай балаларды туғаннан 6 жасқа дейін бір мекемеде ұстау ұсынылады.
Депутаттар мемлекеттік органдардың жұмысында шоғырландыру қажет деп санайды, қазір әрбір орган тек біржақты жұмыс істейді. Шоғырландыруды қамтамасыз ету үшін Білім басқармасы, Жастар саясаты басқармасы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бірлескен шаралар туралы тоқсан сайынғы есебін енгізген жөн.
Депутат Владислав Сергеев бала интернатта болған кезде үлкен жұмыс жүргізіліп жатқаны турасында өз әріптесін қолдады. Бірақ бала қоғамға кірген соң, оның проблемалары басталады. Олардың қылмыстық топтар мен діни секталарға түсуінің нақты қаупі бар. Бұған жол бермеу үшін тұрғын үй, жұмыспен қамту, тіркеу мәселелерін мақсатты түрде шешу қажет.
Н. Нұркеновтің депутаттарға айтқан сөзіне сәйкес, жұмыс жүргізіліп жатыр, сұрақтар қабылданды, проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі шаралар туралы ақпарат депутаттардың назарына жеткізілетін болады.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев кейбір білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру және қайта атау мәселесі бойынша сөз сөйледі. Ол бұл мәселе әртүрлі деңгейдегі мәжілістерде бірнеше рет талқыланғанын және жобаны қолдауды сұрағанын айтты.
Депутат В. Сергеев Тәшенов көшесі сияқты атаулардағы қателерді болдырмау үшін архивтік анықтаманың болуын талап етуді ұсынды, өйткені қайта атау жергілікті бюджеттен ақшаның шығындалуына әкеп соғады. Сондай-ақ, ол атауға және қайта атауға мораторий кезеңін осы процесс бойынша іс-қимыл алгоритмін сәйкестендіру үшін пайдалану қажет екенін атап өтті.
Депутаттар көшелерді атау және қайта атау барысында халық бұл процеске тікелей қатысуы керек деп санайды, өйткені бұл процесс үлкен тәрбиелік және танымдық рөл атқарады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысы Сәуле Нұрғожина «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс Күнін мерекелеуге байланысты Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы», сондай-ақ «Чернобыль атом электр станциясындағы апат құрбандарын еске алу күніне Нұр-Сұлтан қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы» жобаларды қолдауды сұрады.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының м.а. Әнуар Сапов сөз сөйлеп, депутаттардан жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты 41 жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісуді сұрады. Ол барлық меншік иелерімен жұмыс жүргізілгенін, жазбаша келісім бар екенін хабарлады.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы ретінде Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нұрлан Көпешовтың кандидатурасын ұсынды.
Мәслихат сессиясының талқылауына шығарылған барлық мәселелер қаралып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданатын болады.