2021-2023 жылдарға арналған «Elorda jastary» бағдарламасы жобасының тұсаукесері
04.03.2021
Қалалық мәслихатта Назгүл Мақжанованың төрағалығымен ZOOM сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Тұрақты комиссия отырысында Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров 2021-2023 жылдарға арналған "Elorda jastary" бағдарламасы жобасының тұсаукесерін ұсынды.
Қ. Қамбаров депутаттарға «Elorda jastary» бағдарламасының негізгі мақсаты елордалық жастарды жан-жақты қолдау екенін айтты. Бағдарламаға жастардың ҮЕҰ, волонтерлік ұйымдар басшыларының, жас кәсіпкерлердің, спорттың табысты өкілдерінің, сарапшылардың, Интернет пайдаланушылардың ұсыныстары енгізілген.
Бағдарламаны дайындау барысында келіп түскен ұсыныстарды талдау қызметтің 4 бағытын бөлуге мүмкіндік берді: сапалы және қолжетімді білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау, кәсіптік бағдарлау, жұмысқа орналастыру және жастар кәсіпкерлігі, денсаулығы мен бос уақыты.
Елорданың 14-29 жас аралығындағы жастарының жалпы саны 222,334 адамды құрайды, қала маңын қосқанда - 250 мың адам.
Жастар үш жас тобына бөлінеді: ювеналды топ (14-18 жас), постювеналды топ (19-23 жас), ересек топ (24-29 жас). Жас бойынша саралау белгілі бір жас тобының қажеттіліктеріне байланысты Бағдарлама аясында неғұрлым нақты міндеттер қоюға мүмкіндік береді.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бағдарламаның 4 бағыты аясында жүзеге асыру жоспарланған іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.
Депутат Г. Жапарова баяндамашыға қайталануды болдырмау үшін әкімнің білім беру гранттарын бөлу мәселелерін білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісуді ұсынды.
Депутат В. Сергеев балаларды оқытуды қаржыландыра алмай жүрген жалғыз басты аналар санатына назар аударуды, сондай-ақ бір бөлмелі пәтер үшін 13 млн. теңге шегін қайта қарауды ұсынды, өйткені бір бөлмелі пәтердің бағасы 15 млн. теңгеге дейін жетеді.
«Отбасы банкі» өкілі сөз сөйледі, ол депутаттарға Бағдарламаны дайындау барысында екі жыл ішінде банк зерттеу жұмыстарын, бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығына талдау жүргізгенін айтты. 13 млн. теңге сомасы - бұл қарыздың тіркелген сомасы, ол жұмыс істейтін жастар санын барынша қамтуға ықпал етеді, бұл сома оларға төлем қабілеттілігі шегінен өтуге көмектеседі және ай сайынғы төлем үшін қолайлы болады, ол тұрғын үйді жалдау ақысынан жоғары болмайды. Қазіргі уақытта халықтың бір бөлігінің тұрғын үй сатып алуы үшін зейнетақы жинақтарын алуға байланысты тұрғын үй бағасының ауытқуы орын алуда, бұл процесс уақытша, Бағдарлама іске асырылғанға дейін нарық тұрақтанатын болады. Банк бөлген сомаға жинақталған немесе туыстары көмек ретінде беруі мүмкін ақшаны қосып, қолайлы тұрғын үй таңдауға болады.
Одан кейін депутаттар ЖОО мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады.
Түлектерден қандай да бір ұйымға жұмысқа орналасатыны туралы анықтама сұралады, оны не мақсатта сұрайтыны түсініксіз. Бұл анықтама, шын мәнінде, қорытынды немесе болжам жасауға болатын құжат емес. Бұл жастардың жұмыспен қамтылуына жасалатын тиімсіз талдау. Бұрын зейнетақы қоры жоғары оқу орындарына түлектердің зейнетақы аударымдары бар-жоғы туралы ақпарат беріп келді, қазір мұндай ақпарат берілмейді.
Әкімнің гранты бойынша білім алған түлектер үшін белгілі бір талаптар қойыла ма? Мысалы, медициналық жоғары оқу орындарының түлектері үшін жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мемлекеттік медициналық мекемелерде үш жыл жұмыс істеу талабы қолданылған, мемлекеттік медициналық мекемелерде кадрлардың қатты жетіспеушілігін ескере отырып, бұл практиканы қайта бастаған абзал. Әкімнің грантын беру жағдайында түлектерге қойылатын талаптарды белгілеу қажет.
Білім басқармасы жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша ресми сұраныс дайындауы және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасы бойынша ЖСН-ге сәйкес салыстырып тексеру жүргізуі тиіс. Бұл әбден мүмкін, өйткені түлектер саны аса көп емес. БЖЗҚ-мен барлық мәселелерді пысықтап, жастар саясаты мәселелері басқармасын үйлестіруші етіп тағайындаған жөн.
Қалалық мәслихат хатшысы Е. Қаналимов тұрақты комиссия жұмысын қорытындылай келе, «Elorda jastary» бағдарламасының өзекті және қажетті екенін айтты. Жастар өздерінің өмір сүру сапасына байланысты мәселелер бойынша мемлекеттің қолдауын сезінуі тиіс. Ол мемлекеттік органдарға құзыреті шеңберінде жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешуді ұсынды, өйткені гранттар аз бөлініп жатқан жоқ. Гранттар бөлінетін мамандықтар қажет пе? Еңбек нарығының келешегін талдау керек. Жақында барлығы мұнаралы крандарды жүргізушілер жетіспейтініне көз жеткізді, мұнара крандарының өндірісі ретке қойылды, ал мамандар жетіспейді. Автобус жүргізушілері жетіспейді, ай сайынғы төлем 400 мың теңге. Талдау аяқталғаннан кейін мамандықты ескере отырып, колледждер үшін гранттарды қайта бөлу туралы ойлану керек.
Әртүрлі бағдарламалар аясында кәсіпкерлерді қолдауға айтарлықтай қаражат бөлінеді, бірақ оларда жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағандар жоқ. Бөлінетін гранттардың жалпы санының кемінде 10% бөлігін жас кәсіпкерлер үшін бөлген жөн.
Жасыл ел бағдарламасы тек көгалдандыру бойынша жұмыс істеуі шарт емес. Мысалы, «Астана орманы» көктем-күз айларында 1 млн көшет отырғызатын болады. Тұрғын үй, жол салу жоспарлануда, ЖҚЖК аясында жастарды қамтуға болады, ондағы жұмыс орындарының 10-20% бөлігі жастарға арналған болуы керек. Бұл мәселелерді құрылыс, көлік, энергетика басқармаларымен бірлесіп шешу қажет.
Сондай-ақ, соңғы екі жылдағы жастар практикасы бойынша есепке талдау жүргізген жөн. Жыл сайын 6-10 мың жастар білім алушы және жұмыссыз жастар қатарынан жастар практикасы шеңберінде тартылады. Бұл бағдарлама қаншалықты тиімді, жастар практикасынан өткен неше адам жұмысқа орналасады.
18 жастан кейін балалар үйлері мен балалар ауылдарынан шығатын жетім түлектерді жұмысқа орналастыруға ерекше назар аудару керек. Олардың саны көп емес, бағдарламада оларды бөлек тармақпен көрсетіп, тиімді шаралар қарастыру қажет. Қазіргі уақытта кезекте 2700 адам тұр.