Астана қаласы мәслихаты төрағасының 2025 жылғы атқарылған жұмыс есебі
Астана қаласы мәслихаты төрағасының 2025 жылғы атқарылған жұмыс есебі туралы
Мәслихат жұмысының ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мәслихат аппаратымен жүзеге асырылады. Сессияларды, тұрақты комиссиялардың отырыстарын, көпшілік алдындағы тыңдауларды, көшпелі отырыстарды және басқа да іс-шараларды дайындауды қоса алғанда, мәслихат аппаратының тұрақты жұмысы ұйымдастырылды. Депутаттық корпус пен елорданың атқарушы органдары арасындағы өзара іс-әрекетті күшейту бойынша аппарат үлкен жұмыс жүргізуде.
2025 жылдың басынан бастап 14 сессия, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 5 отырысы, заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 13 отырысы, құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 8 отырысы және әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 5 отырысы өткізілді. Сонымен қатар, 21 жұмыс отырысы, 6 көпшілік алдындағы тыңдаулар, 4 «Депутат күні», 9 бірлескен отырыс өткізілді, депутаттар 133 нысанға барды. Мәслихат отырыстары барысында 200-ден астам мәселе қаралды, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Ағымдағы жылдың 11 айында депутаттар 3 510 азаматқа жеке қабылдау және 400 халықпен кездесу өткізді, сайлаушылардан 1000-нан астам өтініш түсті.
2025 жылдың басынан бастап депутаттар қаланың 2000 жылға дейін салынған және жөндеуді қажет ететін барлық мектептерінде, балабақшаларында және колледждерінде болды. Бюджетті нақтылау қорытындысы бойынша Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығын жөндеуге және абаттандыруға, сегіз балабақшаны ағымдағы жөндеуге және бес балабақшаны күрделі жөндеуге, сондай-ақ, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды жабдықтауға қаражат бөлінді. Мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Астана қаласының мемлекеттік мектептерінің оқушылары үшін ыстық тамақ тарифі ұлғайтылды.
Жұмысшы мамандықтары жылында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Мәслихат кәсіптік техникалық білім беруді дамытуды басым бағыт ретінде қолдайды, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, дуальды оқытуды кеңейтуге және студенттердің жайлы қонысы мен оқу жағдайын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.
Денсаулық сақтау саласында жедел медициналық көмекті дамытуды қоса алғанда, медициналық объектілерді салуға және жөндеуге назар аударылды. Көшпелі кеңестер барысында аудандық қосалқы станциялардың өзекті мәселелері талқыланды: білікті кадрлардың жетіспеушілігі, автопарктің жай-күйі, көрсетілетін қызметтердің сапасы және басқа да мәселелер. Сондай-ақ, «Алматы», «Байқоңыр», «Нұра» және «Есіл» аудандарында жаңа қосалқы станциялар, емханалар мен ауруханалар салу үшін жер учаскелерін жедел бөлу қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Бұл нысандар алдағы үш жылға арналған денсаулық сақтауды дамытудың Кешенді жоспарына енгізілген. Елордалық мәслихаттың қолдауымен биыл бірқатар медициналық мекемелерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мәслихат отырыстары барысында қоғамдық көліктің жұмыс істеу мәселелері талқыланды. Ағымдағы жылы 300 жаңа автобус сатып алынды, соның арқасында қоғамдық көліктің сапасы айтарлықтай өсті. Сонымен қатар, елордада соңғы аялдамаларда қоғамдық көлік жүргізушілеріне арналған алаңдарды абаттандыру басталды.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару шарттары қайта қаралды, бұл бәсекелестік ортаны қалыптастыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Тиімді жоспарлау және уақтылы әкету үшін компаниялар арнайы техниканың кестелері мен маршруттарын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізеді. 15 мың қоқыс контейнері жаңартылып, 100 жаңа қоқыс таситын көлік сатып алынды.
Жолдарды жөндеу сапасында оң динамика бар. Депутаттық корпустың бастамасы бойынша жол активтеріне сараптама жүргізу практикасы енгізілді, бұл жұмыс нәтижелеріне оң әсер етті. Келесі кезең қала тұрғындарына елорданың көлік инфрақұрылымының электрондық платформасына қолжетімділікті пысықтау және ұсыну болады. Платформада жолдарды салу және жөндеу мерзімдері, кепілдік міндеттемелері және басқа да өзекті ақпарат туралы мәліметтер болады.
Елордалық мәслихат депутаттары бірқатар ұсыныстар енгізілген заң жобаларын талқылауға қатысты.
Қаланы көгалдандыру шығындарын бақылауға ерекше назар аударылды. Талқылау барысында атқарушы органдарға «Астана қаласының жасыл желектер тізілімі» электрондық платформасын өзектендіру және оның елорданың барлық тұрғындары үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсынымдар берілді.
Жастармен жұмыс шеңберінде «Әрекет ету уақыты» оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшыларының Республикалық балалар Құрылтайының қатысушыларымен, сондай-ақ, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының қатысушыларымен кездесулер өткізілді, мәслихат атынан көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, Жастар Рухы жастар қанатының белсенділеріне және еріктілерге жоғары және орта оқу орындарында оқу үшін білім беру гранттары табыс етілді.
Елордалық мәслихат депутаттары жергілікті бюджеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы елорда аудандарының әкімдерін тыңдай отырып, көшпелі отырыстар өткізді, бұл жобалардың тиімділігін бағалауға және қосымша қаржыландыру үшін басым бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді.
Өндірістік инфрақұрылымды дамыту және инвестициялар тарту үшін «№ 2 Индустриялық парк құрылысы» МЖӘ жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мақұлданды. Су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау тәртібін айқындайтын ортақ су пайдалану қағидалары бекітілді.