Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс жасау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2021 жылғы есебі
30.09.2022
Астана қаласы мәслихатының
32 сессиясында қарастырылды
2022 жылдың 30 қыркүйегі
1-ші слайд. Елордалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмысы 2021 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін Мәслихаттың регламенті мен жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіліп келеді.
Комиссия құрамы – осы бағыттар бойынша жұмыс тәжірибесі мол 6 адам - депутаттар. Бүгінгі күнге дейін отыздан астам отырыста 36 мәселе, оның 29-ы жоспардан тыс қаралды.
Басқаша айтқанда, біз өз кеңестерімізде өзектілігі қалалықтардың талап-тілегі мен «АМАНАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес бүгінгі күннің шынайылығын талап ететін мәселелерді негізге аламыз.
Тұрақты комиссия жұмысының қорытындысы сіздерге жолданды, сондықтан қысқаша шешуші сәттерге тоқталайын.
7-ші сайланым жұмысының басынан бастап біздің комиссия отырыстардың күн тәртібіне шығарылатын әрбір мәселені жан-жақты зерделейді. Сонымен қатар, біз әрбір мәселені талқылауға сарапшылар мен жұртшылықты тартамыз. Бірлескен жұмыс барысында атқарушы және құқық қорғау органдарының атына ұсыныстарымен бірқатар қаулылар шығарылды.
Біз азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау блогына ерекше назар аудару қажет екенін түсінеміз. Өткен жылдан бастап комиссия мүшелері мүдделі органдармен бірлесіп, жағдайды нақты түсіну үшін Полиция және Төтенше жағдайлар департаменттерінің барлық ұйымдарын аралады.
Дәл сол жерлерде жүйелі тәсіл мен жедел шешімді қажет ететін проблемалық мәселелер анықталды.
Біз олардың бірнешеуін белгіледік:
учаскелік полиция пункттерінің, модульдік үлгідегі стационарлық бекеттердің, қызметтік және арнайы автокөліктердің жеткіліксіздігі.
техникалық қызмет көрсетудің, автокөлік жуу станцияларының, қызметтік және арнайы автокөліктерге арналған ангардың болмауы.
2-ші слайд. Патрульдік полиция полкі бойынша мәселе өткір болып тұр. Полк ғимараты 1964 жылы салынған, бүгінгі күні ғимараттың қабырғалары мен жабын плиталарының жылжуы белгілері байқалады. Конструкциясы мен ауданы талаптарға сәйкес келмейді.
Осы және басқа да мәселелерді шешу үшін елорда мәслихаты «Елордада қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындау жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекітті. Бүгін біз бірқатар оң нәтижелерге қол жеткіздік.
3-ші слайд. Оң шешілген мәселенің айқын мысалы – «Сарыарқа» ауданының ішкі істер бөлімін жаңа ғимаратқа көшіру. Мәселе 2011 жылдан бері шешілмей келген, яғни 10 жылдан астам уақыт бойы тәртіп сақшылары қолайсыз жағдайларда жұмыс істеді.
Төтенше жағдай саласындағы проблемалық мәселелерді зерделеу үшін мәслихаттың уақытша комиссиясы құрылды. Уақытша комиссия проблемалық мәселелерді талдап, төтенше жағдайлар саласындағы жағдайды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар дайындады.
Мәселен, 2021 жылы елорда әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгінов пен мәслихат хатшысы Ерлан Ермекұлы Каналимовтың қолдауымен Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) бөлімшелерін жарақтандыру және материалдық-техникалық базасын нығайту жоспары бекітілді.
4-ші слайд. Жергілікті бюджеттен автокөліктер үшін лизингтік төлемдерді өтеуге, сондай-ақ «Үркер» және «Көктал» тұрғын алаптарында екі өрт сөндіру бөлімін салуға қаражат бөлінді.
Өрт сөндіру-құтқару бөлімшесін орналастыру және өрт сөндіру депосын салу үшін ғимарат пен жер учаскесі берілді. ТЖД бөлімшелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бойынша іс шаралар кешені жүргізілді.
Биыл «Көктал» және «Үркер» тұрғын алаптарындағы екі өрт сөндіру бөлімшесінің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта бес өрт сөндіру бөлімін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындалуда.
«Көктал» тұрғын алабындағы өрт сөндіру депосында барлық монолитті жұмыстар орындалды, қабырғалар тұрғызылды, шатырдың металл құрылымын салу жұмыстары басталды. «Үркер» тұрғын алабындағы депода қазіргі уақытта су құбырлары мен кәріз құбырларын төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Елордалық мәслихат депутаттарының елордалық құтқарушылардың материалдық-техникалық жарақтандырылуына және әлеуметтік көмек көрсетілуіне ерекше көңіл бөлетінін тағы да атап өтемін. Демеушілік көмек ретінде № 2, 8, 10, 16 және 17 өрт сөндіру бөлімдерінің қарауыл үй-жайларын ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінді, оларда жөндеу жұмыстары ондаған жылдар бойы жүргізілмеген.
Елорда әкімдігі арқылы кинологиялық қызметті орналастыру үшін ғимарат сатып алынды, бұрын бұл қызметтің үй-жайлары жеке тұлғадан жалға алынған. Құтқарушыларды әлеуметтік қамсыздандыруға келсек: әкімдік арқылы 1.5 млн. теңге көлемінде 50 тұрғын үй сертификаты бөлінді, көп балалы отбасынан шыққан қызметкерлердың 20 баласы балалар лагерінде демалды.
Есірткі құралдарының айналымына қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері - Комиссияның ерекше бақылауында.
Есірткі заттарын байланыссыз, Интернет желісін пайдалана отырып сату фактілері кеңінен таралуда. «Дәріханалық нашақорлық» мәселесі де шешілмей келеді, фармацевтер құрамында кодеин бар дәрілік препараттарды дәрігердің рецептісіз сатуды жалғастыруда.
Бұл мәселеде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу үшін біз Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы басшылығымен, үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдерімен, сарапшылармен бірнеше кездесулер өткіздік, бірқатар ұсыныстар әзірледік. Қазіргі уақытта біз Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының техникалық базасын нығайту және қосымша штат бөлу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
5-ші слайд. Жастарда рухани-адамгершілік құндылықтарды, көзқарастарды, мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруда дұрыс ұйымдастырылған демалыстың орасан зор рөлін ескере отырып, Аула клубтарын дамыту тұжырымдамасын және «ELORDA JASTARY» бағдарламасын талқылауға белсенді қатыстық.
Көбінесе жертөле бөлмелері мен астыңғы қабаттарда орналасқан аула клубтарының проблемалары бәріне белгілі. Кейбір аула клубтарында үй-жайларға тиісті жөндеу жүргізілмеген, спортпен шұғылдану үшін ескі жабдықтар қолданылады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған аула клубтары жоқ, ата-аналары балаларының бос уақытын ұйымдастыруды қамтамасыз ете алмайтын халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалар толық қамтылмаған.
Мәслихат депутаттары Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қайырымдылық акциясы аясында өздерінің қолдан келерлік үлкен үлес қосты. Жеке қаражаттары есебінен Ильинка тұрғын алабындағы аула клубы жөндеді, сондай-ақ алаңды жылыту, жабдықтау мәселелерін шешті.
Комиссия цифрландырудың жай-күйі және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жөніндегі мәселелерді талқылады. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін «IQala» қалалық қызмет көрсету орталығы құрылды, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдары табысты жұмыс істеуде.
6-шы слайд. Басқармалар мен аудан әкімдіктері 164 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның 152-сі «электрондық үкімет» порталында электрондық форматта қолжетімді (92,7%).
Аса маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында «Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде заңдылықты сақтауы» тақырыбында бірқатар көпшілік тыңдаулар өткізілді.
Тұрақты комиссия қызметіндегі маңызды бағыттың бірі мектептер, ауруханалар, скверлер, көшелер салу сияқты мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығару туралы шарт жобаларын келісу болып табылады.
Құрметті әріптестер, қорытындылай келе, жоғарыда аталған барлық мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тарапынан тиісті ұсыныстар берілгенін, белгіленген міндеттерге сәйкес жұмыстың және барлық көмек көрсету шараларының жалғасатынын атап өткім келеді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық депутаттарға, тұрақты комиссия мүшелеріне елорда халқының игілігі үшін атқарып жатқан белсенді, мақсатты және нәтижелі қызметтері үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Мәслихат депутаттарының көптеген бастамалары елорданың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететініне күмәнім жоқ.
Сондай-ақ, еліміздің Президенті айтқандай, бірлескен күш-жігердің арқасында көптеген проблемалық мәселелер бойынша оң шешім таба алғанымыз үшін қала әкімдігіне алғысымды білдіремін.
Баяндама аяқталды, назарларыңызға рахмет!