«Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясының отырысы өтті
12.06.2023
Асқар Смағұловтың төрағалығымен Астана қаласы мәслихатында «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының мүдделерін білдіретін және өкілдік ететін депутаттық фракцияның отырысы өтті.
Отырыс барысында партия бағдарламасының «Әлеуметтік әділеттілік», «Нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау» маңызды бағыттары қаралды.
Бағдарламаның «Әлеуметтік әділеттілік» тармағы мақсаттары мен міндеттерін қарау барысында білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінің сапасын арттыру, қоғамның әрбір мүшесі үшін қолжетімді тұрғын үй және лайықты жұмыс ұсыну мәселелері қозғалды.
Бағдарламаның «Нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау» тармағын талқылай отырып, партия мүшелері шағын және орта бизнесті қолдау, ақша табуға мүмкіндік беру, экономиканы монополиясыздандыру, азаматтардың табысын арттыру, толыққанды орта тапты қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке араласуын шектеу қажеттігі туралы сөз қозғады.
Фракция отырысының жұмысына қалалық мәслихат депутаттары, «Ақ жол» партиясының мүшелері Қ.С. Ибраев, Ж.Ж. Құлмағамбетова қатысты.