Елорда көшелерінің жаңа аттары
29.11.2019
Елорданың жобалық көшелері белгілі тарихи, мемлекеттік және шығармашылық қайраткерлердің есімдерін алады. Осындай шешімді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауларында қабылдады.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев айтты. Олар: Шығыс философы, ойшылы және ғалымы Әл-Фараби, аты аңызға айналған би, Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, дарынды ақын Фариза Оңғарсынова, Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы, "Халық қаһарманы" атағының иегері Қасым Қайсенов, ғалым, отандық ғылымның еңбек сіңірген қайраткері Әбікен Бектұров.
Сондай-ақ, осы тізімде батыр, батыл қолбасшы, жоңғарлармен күреске және қазақ жерінің тұтастығын сақтауға үлкен үлес қосқан Бәйдібек Қарашаұлы, би, шешен Қараменде Шақаұлы, Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі, КСРО Батыры, генерал Сағадат Нұрмағамбетов, сондай-ақ елдің мемлекет және қоғам қайраткерлері Мақсұт Нәрікбаев пен Фазыл Кәрібжанов есімімен аталған.
"Руханият" орталығының жетекшісі Ержан Еңсебаевтың айтуынша, мұндай тәжірибе жастардың өз тарихына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. - Бұл барлық елдерде қолданылатын әлемдік тәжірибе. Ерте ме, кеш пе жас адам өзіне: мен тұрып жатқан көше аталған адам кім? - деп сұрақ қояды.
Қала тұрғындары атынан Светлана Сүлейменова сөз сөйледі. - Мұндай шешім қабылдауда тұрғындардың пікірі әрдайым ескерілуі тиіс. Осы бастамамен тұрғындар хаттар жазып, біздің атақты қайраткерлердің аты-жөнін атауға қызығушылық білдірді. Бұл еліміздің дамуына баға жетпес үлес қосқан адамдар туралы қазіргі ұрпақ білуі маңызды, - деп атап өтті ол.