Қалалық мәслихат депутаттары жылдың қалған бөлігіне бюджетті нақтылады
15.11.2019
Қалалық бюджет меншікті кіріс жоспарын 4,7 млрд теңгеге арттыруға ниетті. Осының арқасында Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы осы жылы маңызды іс-шараларды іске асыруға қосымша резервтер іздестіре алды. Алдағы шығындар Аман Аюповтың төрағалығымен өткен кезектен тыс 57-ші сессия кезінде қалалық мәслихат депутаттарымен келісілді.
Меншікті кірістер жөніндегі жоспарды ведомство салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер және қарызды өтеу есебінен ұлғайтпақ.
- Осылайша, өз кірістерін 2,7 млрд теңгеге ұлғайту есебінен жолаушылар тасымалын субсидиялауға қосымша қолдау көрсетуге, Түркістан облысының Арыс қаласында ТЖ салдарын жою бойынша ағымдағы іс-шаралар өткізу, Түркістан қаласында Нұр-Сұлтан алаңының құрылысы, «Байқоңыр» ауданында елді мекендерді жарықтандыруға, сондай-ақ жеке балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты кеңейтуге шешім қабылданды, - деп атап өтті Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев.
Депутат Мәжит Шайдаров Мәдениет және спорт басқармасына қандай іс-шараларға қаражат бөлінетінін сұрады. Белгілі болғандай, бұл қаражат ұлттық мерекелерді – Тәуелсіздік Күнін өткізуге, сондай-ақ белгілі қазақстандық қайраткерлер - Фариза Оңғарсынова мен Әбіш Кекілбаевтың мерейтойларын атап өтуге қарастырылған.
Содан кейін халық қалаулылары жақында танысқан елорданың 2050 жылға арналған даму Стратегиясын бекітті. Құжаттың маңыздылығын айта отырып, депутат Мирас Шекенов қала дамуының ұсынылған Стратегиясында Нұр-Сұлтан қаласының стратегиялық мақсаттары мен міндеттерінің "Қазақстан – 2050" стратегиясымен және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарымен келісілуі ескерілгендігін атап өтті.
- Инновацияны ілгерілету мен креативті адамдар класының өсуі үшін қолайлы орта құруды, іскерлік туризмді және қаржы хабы ретінде Нұр-Сұлтан мәртебесін дамытуды, жайлы қала ортасын құруды және қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсартуды қамтитын стратегиялық мақсаттар мен оларға қол жеткізудің негізгі жолдары анықталды, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, халық қалаулысы құжатты қарау барысында депутаттарда қосымша талдауды талап ететін ескертулер мен ұсыныстар туындаған айтты. Стратегияны әзірлеушілер оларға толық жауап бергеніне қарамастан, олардың бір бөлігі қанағаттанбады. Мирас Шекеновтың айтуынша, Стратегияны іске асыру кезінде қаланың даму бағыттары мен барлық нюанстарын, Стратегияның мақсаттарын және әзірленетін салалық кешенді жоспарлардың басым бағыттарын есепке алуды үйлестіруді ескеру қажет. Сонымен қатар, депутат Стратегияда қала агломерациясының дамуын ескеру қажет екенін еске салды.
Құжатты талқылау кезінде депутаттар келесі жылдары елорданың дамуына қарай өзгерістер енгізуді, стратегияны егжей-тегжейлі толықтыруды және түзетуді ұсынды.
Сессия барысында сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша әкімдіктің ведомствоаралық комиссияларының құрамы, қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелерге жәрдемдесу кеңесінің құрамы, сондай-ақ қаланың тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның құрамы мақұлданды.