Жастарды патриотизмге тәрбиелеу Елорда маслихатының назарында
13.11.2019
Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу – атамекенді сүю, заңды құрметтеу, міндетті түсіну, жастардың өз Отанын сезінуі, өз елінің тарихи құндылықтарынан нәр алуы – бұл ұғымдарды қалыптастыру тек ұдайы кешенді жүргізілетін жұмыстардың нәтижесінде ғана жемісті болады. Өз кезегінде осы мәселеге мәслихат депутаттары да аса көңіл бөлуде.
Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Таукен Қайырлы Кеңесбекұлы қатысуымен елордада патриоттық акция өткізіліп, оған 1200 астам оқушылар мен әскерге шақыру жасындағы жасөспірімдер және олардың ата-аналары шараға қатысып, өздері үшін ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаның куәгері болып қайтты. Қалыптасқан дәстүр бойынша «Астана» концерт залының кіреберісінде әскерге шақырылатын жастар үшін әскери оркестр өнерін көрсетті, әскери киім үлгілері мен қару-жарақ түрлері ұсынылған көрме ұйымдастырылды.
Іс-шара басында ұйымдастырылған көрме жоғарғы сынып оқушылары мен студеттердің арасында үлкен қызығушылық тудырды. Жасөспірімдер жарыса қолдарына қару алып, киім үлгілерін қызыға тамашалады.
Әскерге шақыртылған жастар алдында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен елордалың мәслихат депутаты Қайырлы Таукен және Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы ардагерлері жылы лебіздерін білдірді. Сөз сөйлеушілер бүгінгі күні біздің армиямыз күннен күнге дамып келе жатқанын, сонымен қатар, азаматтардың Қарулы Күштерге деген қызығушылығының артқанын атап өтті.
Ұлы Отан соғысының ардагері Ахат Бекмәді жастарға Отан алдындағы борыштың қасиеттілігі, Отан қорғау шебінде жан кешкен әкелері, аталарының батырлығы туралы ескертіп өтті.
Айтылған лебіздерден соң, әскер түрлері мен тектері болашақ сарбаздарға әскери қызмет атқару кезіндегі қажетті амалдар мен әскери қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетті.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы мен Шекара қызметінің өкілдері қонақтар үшін өз қызметтерін танытатын бейнебаяндар ұсынды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери ансамблі мерекелік концерттік бағдарлама тарту етті.