Қалалық Мәслихат депутаттары Елордалық жастарды Десанттық шабуылдаушы әскерлерге қызметке шығарып салды
08.11.2019
Бұл күндері Елордада «Ел тірегі - 2019» республикалық акциясы қызу жүріп жатыр. Қалалық жиын пунктінен күнара мерзімді әскери қызмет атқаруға әскерге шақыру жасындағы азаматтар лек легімен аттануда.
Ағымдағы аптада Елордалық жастарымыз десанттық шабуылдаушы әскерлерге қарасты әскери бөлімдерге жөнелтілді.
Десанттық-шабуылдау әскерлері – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік даярлық деңгейі жоғары және тез жұмылдырылатын әскер тегі. Оларға ең жауапты мәселелер және өте күрделі шешілетін тапсырмалар қойылады. Осыған орай бұл әскердің түріне қабылданатын жастарға қойылатын талаптарда өте жоғары: денсаулық жағдайы бойынша кінараты жоқ, бойы 170 см-ден жоғары, білімі ортадан төмен емес, психологиялық тұрғыдан тұрақты, ойлау қабілеті шапшаң, төзімді, тез шешім қабылдай алатын, спортшы азаматар ғана десантшы атала алады.
Елордалық 80 жастарымыз Қапшағай қаласы мен Сарыөзек кентінде орналасқан десанттық-шабуылдаушы бригадалар құрамында мерзімді әскери қызмет атқаруға аттанды.
Шығарып салу рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты мен әкімшілігінің өкілдері, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, сондай-ақ ҚР ҚК ардагерлері мен сарбаздардың туған-туыстары қатысты.
Қалалық мәслихат депутаты Күрішбаев Ахылбек Қажығұлұлы жас сарбаздарға сәт сапар тілеп, ел сенімін білдірді:
- Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірін қорғауды сіздердерге тапсырып отырмыз! Ел Тірегі – Отан қорғаушысы атына лайықты болыңдар! Елордамыздың атынан сіздерге әскери қызметтеріңіз жеңісті де жемісті болуын тілейміз! – деді.
Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Ахат Бекмаді ақсақал:
- Жас ұрпақ! Сіздерге ақ жол тілей отырып, майдангер ардагерлер атынан анттарыңа адал болатындықтарыңа сенім артамын! – деп батасын берді.