Тұрақты комиссия отырысы
23.10.2019
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының жұмыс жоспарына сәйкес, Мәжит Шайдаровтың төрағалығымен қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында «Нұр-Сұлтан қаласының техникалық және кәсіптік білім беру орындарын дамыту қорытындылары мен перспективалары туралы» мәселе қарастырылды.
Депутатар алдында білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлім Жүсіпова кәсіптік білім беру орындарын дамыту қорытындылары мен перспективалары туралы өзекті баяндама жасады. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында кәсіптік және техникалық білім беретін 35 колледж бар. Олардың 23-і жеке меншік. Мамандар даярлау 76 мамандық және 127 біліктілік бойынша жүргізіледі. Ұзын саны 25991 студент білім алуда. Оның ішінде 13779 студент мемлекеттік грантпен білім алуда.
Маңызды мәселелердің бірі – колледж студенттерінің ағылшын тіліндегі кәсіби даярлықтарының сапасын арттыру. Осы мәселені шешу мақсатында 2015 жылы 5 колледжде техника, қызмет көрсету, сервис, телекоммуникация салалары бойынша ағылшын тілінде сабақтар жүргізу басталды. Биылғы жылы 11 колледжге енгізілді.
«Жас маман» жобасы аясында 8 базалық колледж анықталып отыр: политехникалық, транспорт және коммуникация жоғарғы колледжі, технологиялық, техникалық, экономикалық, тамақ өнімдерінінің технологиясы мен стандарттары, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету колледждері. Оқу жабдықтары модернизацияланып, шет елдік білім берушілермен бірлескен жұмыстар атқарылып, жаңа оқу жоспарлары мен жобалары іске асырылады.
Бүгінде қаладағы колледж студенттеріне арналған 15 жатақханада 1371 студент өмір сүріп жатыр. Сонымен қатар 860 орындық 3 хостелде 569 студент бар.
Депутат Зәуре Жусупова баяндамашыға екі бірдей маңызды сауалын қойды. Біріншісі қаламыздағы дуальды оқыту мәселелері бойынша туралы. Екінші сұрақ жатақханалардағы орын тапшылығына қатысты болды. Сонымен қатар жатақхана мәселесіне көңілі толмайтын халық қалаулылары студенттерге арналған жатақханаларда бөгде адамдардың тұрып жатқандығына наразылық танытып, тез арада бұл мәселені шешуді талап етті.
Өз кезегінде депутат Алтыншаш Табулдина оқу бітірген студенттерді жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуді сұрады.
Басқарма ақпаратына сәйкес, түлектердің жалпы саны – 6507 адам. Олардың 5669-ы жұмысқа орналасқан. 3749-сі – мемлекеттік тапсырыспен білім алғандар. Бүгінгі таңда жас түлектердің көбісі «тегін білім алсам, шәкіртақы алсам» деген оймен қаламаған мамандықтарына оқуға түсіп жатады. Ал енді бірі мамандық бойынша білім алып шыққан соң аздаған жалақыға жұмыс істегілері келмейді. Көптеген жастар қазіргі таңда сұранысқа ие техникалық қарапайым мамандықтар бойынша еңбек еткенді қаламайды. Осыған орай әр жылы оқу орындары қыс айларынан бастап мектептерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, мамандықтар бойынша барынша толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етуде, оқушыларды кәсіпорындарға апарып анық-қанығын көрсетеді.
Депутаттар колледж директорларына жұмыспен қамту сұрағында тек Нұр-Сұлтан қаласымен шектелмеуді, керісінше студенттерді еліміздің басқа қалаларында жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Себебі бүгінгі заманда жастарға мобильді болу шарт, бұл уақыт талабы.
Сонымен қатар отырыс барысында жастардын өз-өздеріне қол жұмсау мәселесі жан-жақты қарастырылды. Өкінішке орай аталмыш көрсеткіш бойынша еліміз әлемде алдынғы қатарда орын алады.
Депутаттар отырыс соңында Елордамызда техникалық және кәсіптік білім беру орындарын дамыту бойынша іс-шаралар жиынтығын қабылдау ұсынды.
Тұрақты комиссия отырысының жұмысына комиссия мүшелері, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы Сәрсенбек Жүнісов, мәслихат сессиясының төрағасы Аман Аюпов, «Алматы», «Байқоңыр», «Есіл», «Сарыарқа» аудандары әкімдерінің орынбасарлары, қалалық департаменттер мен басқарма басшылары, колледж директорлары, БАҚ өкілдері қатысты.