Студенттер үйіне бару
19.09.2019
Қалалық мәслихат депутаттары, "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалының басшылығы, "Жас Отан" жастар қанатының белсенділері және қоғам қайраткерлері университеттердің студенттер жатақханасына барып, бақылау жүргізіп қайтқан болатын.
Жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу және білім беру сапасын жақсарту, студенттер үйіне қатысты мәселелер және жоғарғы оқу орнының жұмыстары үлгісін қалыптастыру мақсатында Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Сыдықов Ерлан Бәтташұлы студенттер жатақханасында болып қайтты.
Бүгінгі таңда ЕҰУ-нің 8 студенттер үйі бар. Оларда жалпы саны 4505 студент тұрып жатыр. Делегация №4, 5 және 7-ші студенттер үйінің жағдайымен танысып, сондағы тұрғылықты жастармен кездесіп, жатақхананың жайлылығына баға берді. Жатақханаларға сапар барысында делегациялық құрам демалыс бөлмесін, асхана, "Самрұқ" би мектебін, кітапхана, кинотеатр және студенттер тұрып жатқан бөлмелерді өз көздерімен көріп, студенттермен әңгіме-дүкен құрып қайтты.
Қалалық мәслихат депутаттары және делегациялық топтың өзге де өкілдері білім қуып келген жастарға жасалған жағдай, жайлылық, қауіпсіздік және қолайлылық аспектілеріне тәнті болды. Жатын бөлмелердің апартаменттік нұсқалары, кинозалдың, оқу залдарының және кір жуу бөлмелерінің болуы делегациялық топ өкілдерінің оң бағасына ие болды. Атап айтқандай, студенттер үйінің бір жылдық ақысына студенттер қаладан дәл мұндай қолайлы, жайлы баспана таба алмасы анық.
Дегенмен, студенттер үйінің саны артып жатқанымен, ЖОО-дағы студенттерге арналған жатақхана бөлмелері әлі де жеткіліксіз. Жағдайды түсініп және ата-аналардың өтініші бойынша, бөлмелердегі студенттер саны белгіленгеннен артық. Атап айтар болсақ, № 4-ші жатақханада тұруы керек 500 студенттің орнына 800 адам тұрып жатыр. Сөйте тұра, дирекция басшысының сөзіне сенсек, тұрғындар барлық жайлылық шарттарымен қамтамасыз етілген. Еске сала кетейік, бір апта бұрын жастар саясаты аясындағы жергілікті атқарушы органның кезекті сессиясына дайындық барысында халық қалаулылары қаладағы аула клубтары мен коворкинг орталықтарында да болып, олардың материалдық-техникалық негіздерімен танысып, олқылықтары мен жетістіктерін атап айтқан болатын.