Қала тұрғындарының хал-ахуалы және тұрғындарға лайықты жағдай жасау - халық қалаулыларының қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі
20.09.2019
Бірнеше жылдардан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы шешімін таппай келе жатқан мәселе - ортақ құрылыс. Алаяқ құрылысшылардан зардап шеккен қала тұрғындары депутаттарға өздерінің арыздарымен жиі жүгініп жатады. Мәслихат депутаттары бұл мәселеге қанық және жағдайды бақылап, қажетті шаралар қолдануды жалғастыруда.
Айта кетейік, соңғы айларда аталған бағыттағы жұмыстардың белсенділігі біршама арта түскен. Іс- әрекеттер жүйеленген, атап айтар болсақ, мәслихат депутаттарының 10 күн бойы нысандарды бақылауға шығатын сапарларының кестесі бекітілген.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов пен қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісовтің және Нұр-Сұлтан қаласының "Nur Otan" партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимовтың қатысуымен күнделікті аяқталмаған құрылыс нысандарына барып, нысандарда үлескерлермен кездесулер өткізіліп тұрады. Мұнда үлескерлер мен құрылысшылардың екі жақты ақпараттары тыңдалып, аталған жағдайға байланысты оларды шешу жолдары аталады.
Елорданың депутаттық корпусы түгелімен аталған мәселені шешуде белсенділік танытуда. Халықтың сөзін сөйлей отырып, депутаттар өздеріне бекітілген әрбір нысанға жеке барып, ортақ құрылыстың проблемалық нысандарының сараптамаларын жасап, олардың уақытылы тапсырылуын да қадағалайды.
Сонымен қатар, проблемалық нысандардың жалпы саны 47-ні құраса, оның 7-еуін биылғы жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Қорыта келе, аяқталмаған проблемалық құрылыс нысандарының құрылыс аяқталғанға дейін депутаттардың жеке, қатаң қадағалауына алынды.