Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс 54-ші сессиясы өтті
23.08.2019
Күн тәртібінде астана бюджетін нақтылау және өзге де мәселелер қаралды.
Бір күн бұрын депутаттар бірлескен отырыс барысында Нұр-Сұлтан қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы - Қайсар Закирұлы Манқараевтың баяндамасын тыңдаған болатын. Спикер астананың биылғы жылғы бюджетіне енгізілген нақты өзгерістерді жеткізді.
Баяндама соңында депутаттар аудандық әкімдіктердің бөлінген бюджетпен қаншалықты қанағаттанғанын сұрады. Жергілікті атқарушы биліктің өкілдерін тыңдай келе, келесі жылы қаржылық мәселеде әкімшіліктердің қажеттіліктеріне баса назар аударуға және олардың бюджеттік өтініштерін барынша қолдауға тапсырма берілді.
Сонымен қатар депутаттар астана шетіндегі әлі күнге дейін балалар алаңы мен спорт алаңдары орнатылмағанын, қауіпті жағдайда тұрған жолдар еш жөндеу көрмегенін, тұрғындары апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан тұрғын аймақтар жайын да қозғады. Басқарма бастығы бас қаламыздың шеткі аймақтарын қалпына келтіру жайы жеке концепцияға негізделіп, қажетті қаржы көлемі есептеліп, атқарылатын жұмыстардың жоспары да құрылғанын жеткізді. 6-сайлау округінің депутаты Ақылбек Күрішбаев өзінің қарамағындағы аймақтағы апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындарының тағдырына алаңдаушылық білдіріп, жабық аялдамалар салу мәселесіне де қызығушылық танытты. Қайсар Манқараев бұл мәселеге жалпы қала шетіндегі аймақтардағы апатты тұрғын үйлер, жабық аялдамалар және жолдар бойынша жеке жоспар құрастырылғанын, ол жоспарды жүзеге асыруға, мамандардың есебінше, қомақты қаражат қажет екенін айтты. Бұл сұрақтардың барлығы келесі кезекті қала әкімінің тыңдалымында қарастырылатынын жеткізді. Әрі қарай депутаттар "Барыс" мұз айдыны сарайының жөндеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесін көтерді. Мәлімет бойынша, ашылғанына екі жыл болған арена бордюр шынылары және жарықтандыру бойынша жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Осы тұста халық қалаулылары неге қаржыландыру бюджеттен болады да, ал бюджетке мұз айдынынан ешқандай кіріс түспейтінін сұрады. "Барыстың" жағдайы бойынша жеке мәжіліс өткізіп, барлық қаржылық сұрақтарды талқылау шешілді.
Сонымен бірге сессия жұмыстары барысында депутаттар мемлекеттік қажеттіліктерге арналған жер телімдерін алуды мақұлдап, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй сертификаттарын алатын азаматтар санатына енгізілген өзгерістерді кеңесті.
Одан әрі халық қалаулылары күн тәртібіндегі тағы бірнеше мәселелер бойынша есеп тыңдады, олардың қатарында Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілігі жанындағы ведомствоаралық комиссияның дербес құрамы жайлы сұрақ та бар. Осылайша, өткізілген сессия аясында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша нақтылы шешімдер қабылданды.
Сессия қала әкімінің орынбасары Амрин Асқар Кемеңгерұлының, "Сарыарқа", "Алматы", "Есіл" және "Байқоңыр" аудандарының әкімдері, департамент жетекшілері, қоғамдық және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті.