Астанада жаңа көше атаулары пайда болады
09.11.2016
Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне 14 мәселені қарастыру кірді. Астанадағы жаңа көшелерге атаулар беру және кейбір көшелердің атауларын қайтадан өзгерту туралы мәселеге айырықша көңіл бөлінді. Депутаттар Орынбор көшесін Мәңгілік Ел деп атау туралы және сондай-ақ қайталанатын көшелерге жаңа атаулар беру туралы тағы да әңгіме қозғады. Халық таңдаулылары ономастикалық комиссия ұсынған жаңа көше атауларын мақұлдады және бірауыздан шешім қабылдап, осы мәселеге нүкте қойды. Мәселен, «Алматы» ауданында Хусейн бен Талал, Кенен Әзірбаев, сондай-ақ Темірбек Жүргенов сияқты көшелер пайда болады. Ал бұрынғы Хусейн бен Талал көшесі енді Ұлы Дала даңғылы деп аталады.
Сондай-ақ, Иван Панфилов атындағы көше Сәкен Жүнісов көшесі деп өзгертілді, ал Бейімбет Майлин және жобалық атауы А 193 көшесі біріктірілетін болды. № 36 көшемен Еңбекшілер көшесінің біріктіріліп Әлихан Бөкейханов даңғылы деп аталатындығына да, қонақтардың үйренісуіне тура келеді.
Ал, Сарыарқа ауданындағы осы аттас көшеге Әзірбайжан Мәмбетовтың есімі берілді.
Есіл ауданындағы жобалық атаулары ғана болған 10 көшеге жаңа атаулар берілді. Солардың бірі – Е10 көшесі енді Орынбор көшесі деп аталады.
Сонымен қатар, мұнда Нияз би, Нұрпейіс Байғанин, Сұлтанбек Қожанов, Қайым Мұхамедханов, Никола Тесла, Рабиға Есімжанова, Саттар Ерубаев, Ханшайым Сүйінбике және Бұқар жырау есімдерімен аталатын көшелер пайда болады.
Әділет органдарында тіркелгеннен кейін, қала мәслихатының шешімі мен әкімдіктің бірлескен қаулысы қолданысқа енгізіледі.
Сонымен бірге, мәслихаттың шешімімен жер телімдерін және онда орналасқан жылжымайтын мүлікті мемлекет қажеті үшін сатып алу, Астана қаласы әкімдігінің дербес құрамын өзгерту туралы шарттар жобасы келісілді, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін инвестициялық субсидиялау мәселелері жөніндегі комиссияның, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына инвестициялық жобаларды іріктеу жөніндегі Үйлестіру кеңесінің құрамы бекітілді, сондай-ақ басқа да маңызды мәселелер қаралды.
Сессия жұмысына департаменттер мен басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.