Заңдылық, құқық тәртібі және көпшілікпен жұмыс жасау жөніндегі тұрақты комиссия отырысы
12.05.2017
Тұрғын үй басқармасының басшысы Ахметов Руслан Аманжолұлы өз баяндамасында өткізіліп жатқан жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелер және болашақтағы мақсаттары туралы ақпарат берді: « Өздеріңізге белгілі, «Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесі коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын-жай беру, жер учаскелерін алып қою және мемлекеттік қажеттіліктер үшін жылжымайтын мүлік объектілерін бұзып алу мәселелері бойынша жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функциялары саласында басшылықты іске асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады, сондай-ақ апаттық тұрғын үйлерді бұзуға тапсырыс беруші болады. Сондықтан да мемлекеттік тұрғын үй саясатының негізгі принциптері азаматтардың тұрғын үйге қатысты Конституциялық құқықтармен қамтамасыз ету, азаматтардың бөлек категорияларын тұрғын үймен мемлекеттік қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысына қатысушы азаматтардың заңды тұлғаларына жеңілдік жүйесін жасау сияқты мәселелер болып табылады. Жергілікті халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің жалпы деңгейін анықтайтын негізігі көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының көрсеткіш деңгейін көтеру мақсатында 2005 жылдан үстіміздегі жыл аралығында бірнеше тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекеттік және салалық бағдарламалар жүзеге асырылды. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес Қазақстан 2016 жыл бойынша тұрғын үймен қамту деңгейі жағынан 21 шаршы метрді көрсетеді, Астана қаласы бұл көрсеткіш жағынан басқа қалаларға қарағанда жоғары, адам басына 29 шаршы метрді құрайды.
Астана қаласына өзге аудандардан жоғарғы қарқынмен қоныс аударушылардың көбеюіне байланысты, елордамызда льготтық жүйеде мемлекеттен төмен бағамен баспана алғысы келетіндердің тізімі де өсті. Республика бойынша Астана қаласы тұрғындарды баспана қажет етушілер тізіміне қою жағынан жоғарғы көрсеткішті көрсетеді. Тұрғын үйге кезекке тұрушылардың тізімі бойынша Астана қаласы 2 млн. астам тұрғыны бар Оңтүстік Қазақстан облысынан кейінгі 2-орынды алады. 2007 жылдан бастап Астана қаласы бойынша тұрғын үйге кезекке тұрушылардың тізімі қарқынды өсіп келе жатқаны байқалады. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенетін болсақ, бұл көрсеткіш жыл сайын 5000 адамға өсіп отыр, яғни 2007 жылдан бері 5,5 есеге артқан. Баспанаға мұқтаж жандар тізімінде тұрушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезектілік ретіне сәйкес жүзеге асырылады. Жетім балалар, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлер мен мүгедектермен бір деңгейде бірінші кезекте тұрғын үймен қамтылады. Республика бойынша Астана қаласы жетім балаларды және ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды баспанамен қамту жағынан өзге аудандардың ішінде көш бастап тұр. Білім және ғылым министірлігінің балаларды қорғау комитетінің көрсеткіштері бойынша Астана қаласы жетім балаларды баспаналы ету жағынан 1-орынды бермей келеді. Тұрғын үй комиссия шешімі бойынша 260 баспана бөлінген болатын, оның 4 баспанасы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне табысталды. Ал жалпы, 2015-2017 жылдар аралығында Астана қаласы бойынша 5747 үйге мұқтаж қала тұрғындары баспанамен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Астанадан басқа қалаларда жер телімдерін беру Үкіметпен қарастырылып жатқанын, Астана әкімдігі ұйымдастыруымен «Белсенді азамат» акциясы аясында ашық есік күні өткізіліп, 610 қала тұрғындарының өтініші қарастырылғанынан ақпараттар берді. Үстіміздегі жылдың сәуір айындағы Елбасымыздың тапсырысы бойынша халықты баспанаға қор жинауға ынталандыру механизмін жасау арқылы тұрғын үйге кезекке тұрушылардың тізімін қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, келесі санаттағы, яғни жергілікті атқарушы орган қызметкерлерін, соның ішінде арнайы және мемлекеттік әскери қызметкерлерді есепке тұрушылар тізімінен шығару қарастырылып жатқанын айта кетті. Бұл баспанаға кезекке тұрушылар тізімінің ағымдағы көрсеткішін 2 есеге дейін қысқартады.
Заңдылық, құқық тәртібі және көпшілікпен жұмыс жасау жөніндегі тұрақты комиссияның тұрғын үй мәселелеріне арналған отырысы қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарды талқылаумен жалғасын тауып, комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға Ахметов Руслан Аманжолұлы өз кезегінде толыққанды ақпараттар берді.
Отырысқа Астана қалалық маслихатының хатшысы- Нұрпейісов Ж.Ғ., мемлекеттік мекеме басшылары және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.