Мәдениет ұйымдарының қызмет тиімділігі мен бюджет қаражатын пайдалану мәселелері талқыланды
Мәслихат депутаттары мәдениет ұйымдарының қызметін қамтамасыз етуге бағытталған бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралған Тексеру комиссиясының отырысына қатысты.
Аудит нәтижесінде оң көрсеткіштермен қатар, жекелеген мәдениет ұйымдарының қызметінде бюджет шығыстарын жоспарлау, мемлекеттік мүлікті пайдалану, бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржы-шаруашылық қызметін ұйымдастыру бағыттары бойынша бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды.
Отырыста мәдениет ұйымдары қызметінің тиімділігіне ерекше назар аударылды. Қуыршақ театрының әлі де шығынмен жұмыс істеп отырғаны атап өтіліп, оның қаржылық тұрақтылығын арттыру, репертуарын кеңейту және көрермендер санын көбейту бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, А. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының қызметі оң бағаланды. Театр өз жұмысының жоғары тиімділігін, көрермендер арасындағы сұранысының жоғары екенін және тұрақты нәтижелер көрсетіп отырғанын дәлелдеп келеді.
Жас көрермендердің музыкалық театры бойынша аудит қорытындысында жарнамалық-ақпараттық жұмыстың жеткіліксіздігі, репертуарды насихаттаудың әлсіздігі және соның салдарынан спектакльдерге келушілер санының төмендігі атап өтілді.
Сондай-ақ, елордалық цирктің қызмет нәтижелері жеке қаралды. Аудит барысында ғимараттағы бірқатар үй-жайлардың тиімсіз пайдаланылып отырғаны анықталып, бұл мекеменің мүліктік кешенін неғұрлым ұтымды басқару және мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетті.
Талқылау қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жедел жою, қаржылық тәртіпті нығайту, бюджет қаражаты мен мемлекеттік мүлікті пайдалану тиімділігін арттыру, сондай-ақ мәдениет ұйымдарының қызметін одан әрі жетілдіруге және халыққа көрсетілетін мәдени қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған нақты шараларды қабылдау қажеттігі атап өтілді.