Мәслихат депутаттары елорданың жол-көлік инфрақұрылымының негізгі жобаларының іске асырылу барысымен танысты
Ш. Бейсекова көшесі мен Н. Тілендиев даңғылының қиылысындағы екі деңгейлі көлік айрығын салу жұмыстары аяқталу кезеңіне жақындады. Көлік қозғалысын 2026 жылғы 1 қазанда ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстарының 90%-ы және металл аралық құрылымды монтаждау жұмыстарының 95%-ы аяқталды.
Құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысына дайындық аясында мәслихат депутаттары елорданың жол-көлік инфрақұрылымы нысандарын аралады.
Жұмыс сапары барысында депутаттар Баршын және С. Мұқанов көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аталған көшелерге 2014 жылы пайдалануға берілгеннен бері алғаш рет орташа жөндеу жүргізілуде. Нысандарда полимер-битумды байланыстырғышты қолдана отырып, асфальтбетон жабынының екі қабатын ауыстыру, сондай-ақ аялдама қалталарына гранит тас төсемін төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ депутаттар «КазБитумСервис» ЖШС-не барып, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде қолданылатын заманауи материалдардың өндірісімен танысты.
Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша депутаттар жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі жоғары сапамен орындаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ аталған жобаларды іске асыру жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, көше-жол желісінің өткізу қабілетін жақсартуға және елорданың көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал ететіні айтылды.