Мәслихат депутаттары «Астана-Зеленстрой» ЖШС-нің ағаш-бұта көшеттері питомнигіне барды
Аумағы 350 гектарды құрайтын питомник елорданы көгалдандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда мұнда ағаштар мен бұталардың 45 түріне жататын 310 мыңға жуық көшет өсірілуде. Олардың қатарында жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар, сондай-ақ әртүрлі сәндік бұталар бар.
Биыл қала аумағына отырғызу үшін 22 мыңнан астам ағаш көшетін беру жоспарланып отыр. Көктем мезгілінде өсірудің бірінші мектебінен екінші мектебіне 2 600 ағаш көшеті көшірілді. Сонымен қатар жаңа ағаш түрлерін өсіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, ұсақ жапырақты қарағаштың тұқымы себілді. Сондай-ақ тәжірибе ретінде пилоттық учаскеде алғаш рет ұсақ жапырақты жөкенің 996 көшеті отырғызылды.
Питомник ұжымының еңбегі ерекше құрметке лайық. 62 білікті маманның қажырлы еңбегі мен заманауи мамандандырылған техниканың тиімді пайдаланылуының арқасында Астананы одан әрі көгалдандырудың берік негізі қаланып келеді.