Астанада сайлау комиссияларының құрамы жаңартылды
Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 55-сессиясында депутаттар аумақтық, аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарына өзгерістер енгізу мәселелерін қарады.
Баяндамамен сайлау комиссиялары мүшелерін сайлау жөніндегі мәслихаттың Уақытша комиссиясының төрағасы Алтыншаш Табулдина сөз сөйледі. Ол жаңадан құрылған комиссиялардың құрамдарын жасақтау және бос орындарды толықтыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.
Өзгерістер енгізу қажеттілігі биыл Есіл, Сарайшық және Нұра аудандарында сегіз жаңа учаскелік сайлау комиссиясының құрылуына, сондай-ақ жекелеген комиссия мүшелерінің өз өтініштері бойынша өкілеттіктерін тоқтатуына байланысты туындады. Осыған байланысты сайлау учаскелерінің құрамдарын өзектендіру қажеттілігі туындады.
Сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардан құжаттар қабылдау ұйымдастырылып, барлық үміткерлер белгіленген тәртіппен қаралып, тексеруден өткізілді.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар ұсынылған шешім жобаларын қолдады. Қабылданған өзгерістер Астана қаласының сайлау комиссияларының тұрақты, тиімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.