Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары және ведомствоаралық өзара іс-қимыл туралы
Заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылыұпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның жұмысы аясында, Азамат Айтхожинның төрағалық етуімен нашақорлықтың алдын алу, іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту туралы өзекті тақырыпқа арналған кезекті отырыс өтті.
Негізгі баяндамамен қалалық Полиция департаментінің өкілі сөз сөйледі. Өз сөзінде ол нашақорлықтың алдын алу құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. 2026–2028 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Алдын алу жөніндегі кеңес құрылды, сарапшылар қауымдастығымен және блогерлермен өзара іс-қимыл реттелді. Есірткі құралдарының таралу арналарының жолын анықтау және жолын кесуге, сондай-ақ халық арасында, оның ішінде жастар ортасында профилактикалық іс-шаралар өткізуге ерекше назар аударылуда.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Тулеуова медициналық профилактика мен оңалтудың негізгі бағыттарын айқындап, тәуекел тобындағы адамдарды ерте анықтау және оларға уақтылы көмек көрсету қажеттігіне ерекше назар аударды. Статистикалық деректерге тоқтала келе, ол есірткіге тәуелділік бойынша есепте тұрған адамдар санының 10,7%-ға төмендегені байқалатынын атап өтті.
Өз кезегінде, Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев балалар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған, іске асырылып жатқан бағдарламалар туралы ақпарат ұсынды. Білім беру ұйымдарында тақырыптық сабақтар, тренингтер, құқық қорғау органдарының өкілдерімен және медициналық мамандармен кездесулер, сондай-ақ түрлі ағартушылық және әлеуметтік акциялар өткізілуде.
Ішкі саясат және Жастар саясаты мәселелері басқармалардың басшылары нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды әлеуметтік маңызы бар қызметке тарту бағытында іске асырылып жатқан шараларға жан-жақты тоқталды.
Отырыс барысында ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы директорының орынбасары Ербол Жарланов сөз сөйлеп, қызмет жұмысы барысында орын алып отырған проблемалық мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, сараптамаларды жүргізу үшін қажетті арнайы жабдықтардың жетіспеушілігі көрсетілді.
Талқылау аясында депутаттар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, нашақорлықтың алдын алу саласында жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін объективті бағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай, шоғырландырылған статистиканың болмауы мәселесі атап өтілді. Сондай-ақ, жекеменшік медициналық ұйымдардың деректерін есепке алу және олардың жалпы көріністі қалыптастырудағы рөлі мәселесі жеке қарастырылды.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар халықаралық тәжірибені, оның ішінде Түркия тәжірибесін қарастыруды ұсынды, олардың айтуынша, онда тұлғалардың мәртебесіне қарамастан міндетті қан талдау жүйесі қолданылып, нәтижелері кейіннен жария етіледі. Аталған тәсіл оның жекелеген элементтерін отандық тәжірибеде қолдану мүмкіндігі тұрғысынан пікірталас тудырды.
Сондай-ақ, бірмандаттық округтер бойынша сайланған депутаттар «закладка» (жасырын есірткі қалдыру орындары) деп аталатын мәселеге назар аударып, олардың көбінесе қаланың шет аймақтарында орналастырылатынын атап өтті. Осыған байланысты дәл осы аумақтарда профилактикалық және жедел іс-шараларды күшейту қажеттігі ерекше атап өтілді.
Талқылау қорытындылары бойынша отырысқа қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі жетілдірудің, статистикалық деректерді жинау мен талдауға бірыңғай тәсілдерді қалыптастырудың, халықпен профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтудің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл форматтарын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.