Зерттеу жобасының таныстырылымы Maqsut Narikbayev University
Астана қаласы мәслихатының отырысында Maqsut Narikbayev University-дің «Бірыңғай ваучерлік қаржыландыру, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс: Астана қаласындағы әлеуметтік импакт пен даму бағыттары» атты зерттеу жобасының іске асырылуы таныстырылды.
Іс-шараға әкімдіктің бейінді басқармаларының өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, сондай-ақ университеттің зерттеу тобының мүшелері қатысты.
Мәслихат депутаттары Maqsut Narikbayev University-дің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, даму және ғылым жөніндегі вице-деканы Әсем Қалқаманова ұсынған жоба бойынша зерттеу жүргізудің түзетілген жоспарын қарады. Талқылау барысында депутаттар сауалнаманың құрылымы мен мазмұнына, зерттеудің мақсаттары мен міндеттерінің айқын тұжырымдалуына, бағдарламаның қаржылық тиімділігін бағалау әдістемесіне, сондай-ақ қолданылатын деректердің толықтығы мен дәйектілігіне қатысты бірқатар нақтылаушы сұрақтар қойды.
Депутаттар талдау көкжиегін кеңейтіп, үш жылдық кезеңге кешенді талдау жүргізу орынды деген пікірге келді. Бұл көрсеткіштердің динамикасын, нәтижелердің тұрақтылығын және ваучерлік қаржыландырудың ұзақ мерзімді әсерін бағалауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ зерттеу қызметімен қатар жобаның іске асырылуын операциялық сүйемелдеуді, соның ішінде ағымдағы процестерді мониторингілеуді, тәуекелдерді анықтауды және практикалық шешімдер әзірлеуді жүзеге асыратын тұрақты жұмыс тобын құру туралы ұсыныс қолдау тапты.
Бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында пилоттық білім беру ұйымдарының базасында шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысуды есепке алудың цифрлық құралдарын (Face ID немесе динамикалық QR-код) енгізу ұсынылды. Бұл деректердің қайталану тәуекелдерін азайтуға, іс жүзінде көрсетілген қызметтердің объективті тіркелуін қамтамасыз етуге және қаржыландыру кезіндегі есептеулердің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ваучерлік қаржыландыру аясында балалар санаттарға бөлінгені атап өтілді, бұл әртүрлі топтарды қолдауда атаулы тәсілді қолдануды көздейді. Бағдарламаның күтілетін әлеуметтік әсері қосымша білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуде, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды тартуда болып табылады.
Талқылау барысында объективті талдау жүргізу және тиімділік көрсеткіштерін есептеу үшін зерттеушілерге ақпараттық жүйелерден (соның ішінде баланың ақпараттық картасынан) иесіздендірілген деректерді алуға көмек көрсету қажеттілігі де баса айтылды.
Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияға ваучерлік қаржыландыруды іске асыру мәселелерін кешенді қарау және келісілген шешімдер әзірлеу үшін білім беру, спорт және жұмыспен қамту салаларындағы уәкілетті органдар өкілдерінің қатысуымен жеке отырыс өткізуді ұсынды.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар зерттеудің қалалық әлеуметтік саясатты жетілдіру үшін өзектілігін атап өтіп, университет тарапынан одан әрі сарапшылық қолдау көрсетілуіне мүдделілік білдірді. Сонымен қатар ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, қаржыландыру тетіктерінің ашықтығын арттыру және бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалауға жүйелі тәсілді қамтамасыз ету қажеттілігі айтылды.