Астана қаласы мәслихатының Депутат күні
Астана қаласы мәслихатында Асқар Смағұловтың төрағалығымен «Астана қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету жүйесінің жай-күйі мен тиімділігі туралы» мәселесі бойынша Депутат күні өтті.
Отырыс аясында балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуге, мінез-құлық тәуекелдерінің алдын алуға, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және балалардың құқықтарын қорғау салаларындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылға байланысты өзекті мәселелер талқыланды.
Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сеңғазыев депутаттарды педагогикалық түзету саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ Психологиялық қолдау орталығы жұмысының негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Орталық жұмысы балалар мен жасөспірімдерге білікті көмек көрсетуге, эмоционалдық және мінез-құлық бұзылыстарының алдын алуға, сондай-ақ педагогтар мен ата-аналарды әдістемелік сүйемелдеуге бағытталған.
Жаңадан құрылған Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарманың басшысы Серік Әділбаев ведомство қызметінің негізгі бағыттары мен басым міндеттері туралы баяндама жасады.
Депутат күнінің жұмысына Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсима Бимендина қатысты. Ол өз сөзінде балалық шақты қорғаудың жүйелі тәсілін қалыптастыру мәселелеріне тоқталып, балалардың игілігін, қауіпсіздігі мен дамуын кешенді қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының әзірленгені туралы хабарлады.
Отырыс барысында мәслихат депутаттары психологиялық көмектің қолжетімділігі, кадрлармен қамтамасыз ету, тәуекелдерді ерте анықтау, сондай-ақ уәкілетті органдар іске асыратын алдын алу бағдарламаларының тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар психологиялық-педагогикалық көмек жүйесін нығайту мен дамытуға бағытталған шараларды қолдап, балалар мен жасөспірімдердегі мәселелерді ерте анықтау тетіктерін одан әрі жетілдірудің, сондай-ақ психологиялық қолдаудың қолжетімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.