Астана қаласының мәслихаты
ресми сайты
Күнтізбе

Елордадағы ауыз сумен қамту және су тасқынының алдын алу мәселелері талқыланды

Елордадағы ауыз сумен қамту және су тасқынының алдын алу мәселелері талқыланды

Бейресми жағдайда мәслихат депутаттары Технологиялық колледж базасында елорда үшін маңызды бірқатар мәселелерді талқылады. Олардың қатарында қаланы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, су қауіпсіздігі, су бұру жүйесі, су басу қаупі және су тасқынына қарсы шаралар бар.

Талқылауға мол практикалық тәжірибесі бар мамандар қатысты: Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры, Сәулетшілер одақтары халықаралық қауымдастығының президенті Серік Рүстамбеков, сондай-ақ Ұлттық гидрогеологиялық қызмет «Қазгидрогеология» АҚ басқарма төрағасы Болат Бекнияз.

Диалог мазмұнды әрі ашық өтті. Тек ағымдағы мәселелер ғана емес, кешенді көзқарас пен ұзақ мерзімді шешімдерді талап ететін жүйелі проблемалар да көтерілді.

Кездесу орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Өткен жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің Технологиялық колледжі жаңа әрі аса сұранысқа ие мамандық — гидрогеолог-техник даярлауды бастады. Бұл бағыт бүгінгі таңда елорда алдында тұрған сын-қатерлермен тікелей байланысты және сарапшылар қауымдастығының назарын, практикалық тәжірибесін әрі белсенді қатысуын қажет етеді.