Астана қаласы мәслихатының сегізінші сайланымының кезекті сессиясы
Астана қаласының мәслихатында елорданың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, экономиканы тұрақты дамытуға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық маңызды мәселелер қарастырылған кезекті сессия өтті.
Сессия шеңберінде қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов тұрақты даму, экономикалық өсу, экологиялық тұрақтылық және адами капиталды дамыту мақсаттарын қамтитын Астана қаласын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жоспарын ұсынды. Қаланы дамыту жоспарының жобасында елорданы орта мерзімді кезеңге дамытудың негізгі бағыттары айқындалған: «Қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті қала», «Халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасының өсуі», «Жайлы қалалық орта». Қала әкімінің орынбасары атап өткендей, жоспарда 17 түйінді мақсат, 37 нысаналы индикатор және 49 нәтиже көрсеткіші көзделген.
Айжан Түгелбаева – экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы «Астана қаласының 2026-2028 жылдарға арналған бюджеті туралы» мәселе бойынша баяндады. Ол бюджеттің шығын бөлігінің негізгі аспектілеріне, әлеуметтік сала шығындарының құрылымына, нақты сектор шығындарына, меншікті кірістер құрылымындағы шығарып алулардың үлесіне тоқталды. Түгелбаева бұл мәселе мәслихат отырысында, тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қаралғанын, онда жедел араласуды талап ететін проблемалық аспектілерді қаржыландыру туралы ақпарат ұсынылғанын атап өтті.
2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын қарастыру қорытындысы бойынша бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бейіндік комиссияның мүшесі Бауыржан Смайылов депутаттардың алдын ала талқылау барысында айтылған ұсыныстары мен ескертулері көрсетілген комиссияның қортындысын ұсынды. Сондай-ақ, тұрақты комиссияның есебі және Астана қаласы мәслихаты төрағасының 2025 жылғы жұмыс нәтижелері туралы есебі тыңдалды.
Күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі «Астана кәсіпкерлігі» 2023-2027 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы» шеңберінде елордаға шетелдік және отандық инвестицияларды мақсатты түрде тарту арқылы елорданың қолайлы инвестициялық және бизнес-ахуалын жақсарту мәселесі болды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов аталған бағдарлама аясында Даму қорымен бірлесіп, жеңілдікпен несие берудің жергілікті бағдарламасы Астана бизнес іске асырылып жатқанын атап өтті. Микроқаржы ұйымы құрылды, шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бойынша жобалар белсенді іске асырылуда. №1 Индустриялық парктің оң тәжірибесін ескере отырып, МЖӘ тетігін қолдана отырып, екінші индустриялық парктің жобасын іске асыру бойынша рәсімдер жүргізілуде, сондай-ақ, логистикалық парк құру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қосымша баяндамашы болып бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бейіндік комиссияның мүшесі, депутат Бекзат Жолжақсынов сөз сөйледі, ол шағын және орта бизнес елорда экономикасының драйвері болып табылатынын атап өтті. Дәл ШОБ ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қаланың барлық салық түсімдерінің жартысынан астамын (56%) қамтамасыз етті.
Депутат Владислав Сергеев қаланың 2026-2028 жылдарға арналған бюджеті - бұл алдағы жылдарға арналған даму стратегиясы екенін атап өтті. Ол депутаттар көтерген көптеген мәселелердің іске асыруға қабылданғанына ризашылығын білдірді.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бюджет елорданың басымдықтарын, стратегиялық мақсаттарын, сондай-ақ, мәслихат депутаттарының ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырылғанын атап өтті. Көптеген мәселелер инфрақұрылымдық нысандардың, сол жағалаудағы емхананың құрылысына, сондай-ақ, Сарыарқа ауданындағы жастардың жұмыспен қамтылуына байланысты. Ол келесі аптада депутаттармен оларды толғандыратын барлық мәселелер бойынша кездесу өткізуді, олардың ұсыныстарын тыңдауды ұсынды. Екі мемлекеттік емхананың құрылысы күтіп тұр, депутаттардың қолдауымен мемлекеттік балабақшалардың құрылысы басталады, мемлекеттік органдардың жұмыс кестесін өзгерту арқылы шешіліп жатқан және көпірлер салу жолымен шешілетін трафик мәселелері қалады.
Сессия отырысы барысында күн тәртібіндегі басқа да мәселелер қарастырылып, мәслихаттың тиісті шешімдері қабылданды.