Астана қалалық мәслихатының депутаттары көшпелі отырыс барысында 2030 жылға дейінгі Астана реновациясы бағдарламасын талқылады
Жоспарға сәйкес, тозған және апатты күйге түскен 177 тұрғын үйдің тұрғындарын көшіру көзделген. Бұл – сүрілуге жататын 4 345 пәтер. 2013 жылдан бері 338 апатты үйдің тұрғындары көшіріліп, барлығы 5 843 пәтер босатылды. Бағдарламаны іске асыруды уәкілетті ұйым – «Елорда Даму» ЖШС жеке құрылыс компанияларын тарту арқылы жүзеге асырады.
2035 жылға дейін реновацияның бірінші кезектегі аймақтары белгіленді. Олардың жалпы аумағы 2 582 гектарды құрайды, оның ішінде 297 гектар – «Байқоңыр» ауданына, соның ішінде Асан Қайғы көшесіне тиесілі. Жаңа жоспарлау шешімдерінде жалпы ауданы 2,4 млн шаршы метр болатын 96 көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу қарастырылған.
Жеке тоқталған мәселе – осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар. 2011–2024 жылдары бағдарлама операторы «Өркен қала» ЖШС 251 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіп, 332 лифтті ауыстырды.
Астана реновациясы бағдарламасына тұрғын үй қорының қазіргі жағдайын талдау, түгендеу жұмыстарын жүргізу, ғимараттарды жаңғырту тетіктері, апатты үйлердің тұрғындарын көшіру тәртібі, өтемақы түрлері мен қаржыландыру көздері кіреді.
Реновация – бұл қалалық ортаны жүйелі түрде жаңарту, елорда тұрғындары үшін қауіпсіз, сапалы әрі заманауи тұрғын үй қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.