Бюджет жобасын талқылау қорытындысы бойынша мәслихат отырысы
Астана қаласының мәслихатында тұрақты комиссиялардың отырыстарында егжей-тегжейлі қаралған 2026-2028 жылдарға арналған елорда бюджетінің жобасын талқылау қорытындысы бойынша отырыс өтті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева алдағы жылға арналған бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығындары туралы толық ақпарат берді. Басқарма басшысының айтуынша, депутаттар бюджет жобасын талқылау кезінде айтқан барлық өзекті проблемалық мәселелер келесі жылға арналған бюджетке енгізілген. Сол жағалаудағы жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының құрылысын, бес мектеп пен екі балабақшаны күрделі жөндеуді, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үшін негізгі құралдарды сатып алуды, орталық зират салуды, тұрғын алаптардағы жобаларды аяқтауды, оның ішінде, жолдарды салу мен жөндеуді, жасыл желектерді өсіру бойынша көшеттік құрылысының жобасын әзірлеуді бюджеттік қаржыландыру көзделген. Қалған мәселелер алдағы уақытта бюджетті түзету барысында қарастырылып, қаржыландырылатын болады.
Талқылаудың негізгі екпіндерінің ішінде медициналық объектілерді жаңғыртуды қолдауды, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуді, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, сумен жабдықтау жөніндегі бағдарламаларды іске асыруды, жылу желілерін жаңғыртуды, жасыл аймақтарды қорғауды қоса алғанда, білім беру, денсаулық сақтау салаларын басым қаржыландыруды бөліп көрсетуге болады.
Депутаттар бюджет шығындарының ашықтығы мен атаулылығының, сондай-ақ, қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге қатысуды есепке алу процестерін цифрландыру және жұртшылық үшін бюджеттің ашықтығын арттыру, оның ішінде, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде ұсыныстар айтылды.
Талқылау қортындысы бойынша бюджет жобасы, енгізілген ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, мәслихат сессиясын бекітуге ұсынылды.