Елордалық мәслихатта Депутат күні өтті
Астана қаласының мәслихатында жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының қызметіне арналған Депутат күні өтті.
Іс-шара аясында жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс жүйесінің жұмыс істеуі, құқық қорғау органдарымен, аудан әкімдіктерімен өзара іс-әрекет, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелерін ақпараттық жариялау мәселелері қаралды.
Астана қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Бешеев «Нұра» және «Сарайшық» жаңа аудандарының құрылуына байланысты қаланың аумақтық қорғаныс жоспары қайта қарастырылғанын баяндады. Бұдан басқа, елорданың азаматтық қорғаныс жоспарына және ТЖ департаментінің іс-әрекеті жоспарына тиісті түзетулер енгізілді.
Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден депутаттардың жұмылдыру дайындығына, аумақтық және азаматтық қорғанысқа қатысты барлық ұсыныстарды қолдайтынын атап өтті.
ТЖД өкілі қала аудандарында, оның ішінде, тұрғын алаптарда, саяжай кенттерінде өткізілген өртке қарсы іс-шаралар туралы баяндады. Ол жеке секторда газдандыру есебінен өрттер саны азайғанын атап өтті.
Мәслихат төрағасы ТЖД өкілінен аудандар, тұрғын алаптары бойынша ақпарат дайындауды сұрады. Депутаттар кешенді тәсіл мен басқа да мемлекеттік органдармен үйлестіруді күшейту, сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде елорданың төзімділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.