Қалалық инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелері бойынша кезектен тыс сессия
Елорда мәслихатында кезектен тыс сессия өтті, оның барысында депутаттар қалалық инфрақұрылымды дамытуға, объектілердің атауына, суды пайдалануға, жер қатынастарына қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Кезектен тыс сессия басталар алдында Астана қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков «Ақ жол» ҚДП жаңа депутаттары Қабдығалиева Мейрамгүл Кенжеғалиқызы мен Садырбаев Нұржан Есентайұлын таныстырды. Қабдығалиева Мейрамгүл Кенжеғалиқызының еңбек жолы негізінен жол-құрылыс саласымен байланысты. Қазіргі уақытта ол «Қазақстандық магнезит бұйымдары зауыты» ЖШС-ның басқарушы директоры болып табылады. Нұржан Есентайұлы Садырбаев «Okan Holding» ААҚ (InterContinental, Astana Beton) қаржы департаментінің түрлі лауазымдарында, KBI Energy холдингінің Басқарушы компаниясының қаржы тәуекел-менеджері болып жұмыс істеді. Қазіргі уақытта «BHK Agro AG» ЖШС бас директорының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары болып табылады.
Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден депутаттарды төсбелгі мен куәліктің табысталуымен құттықтап, Астана қаласы мәслихатының сегізінші шақырылымының құрамында жұмыс істеулеріне табыс тіледі.
Кезектен тыс сессия барысында «Астана қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атаулар беру туралы» мәселе қаралды. Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп баяндама жасады. Ол ономастикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Болгария астанасы София қаласының құрметіне Астана қаласының көшелеріне ат қою туралы ұсыныстарға, сондай-ақ, итальяндық зерттеуші және саяхатшы Марко Поло мен пәкістандық саясаткер Мұхаммед Әли Джиннаға қолдау көрсетілгенін атап өтті. Ұсыныстар қоғамдық пікір мен нормативтік талаптарды ескере отырып ұсынылды.
Депутаттар халықаралық дипломатияның, мәдени алмасудың және елорда келбетін қалыптастырудағы тарихи жадының маңыздылығын атап өтіп, келіп түскен ұсыныстарды қолдады.
«Астана қаласында №2 Индустриялық парк салу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» мәселе бойынша Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов сөз сөйледі. Ол тікелей және жанама экономикалық артықшылықтарды, соның ішінде, жобаны жүзеге асырудың мультипликативті әсерін ұсынды.
Депутат Сәуле Самидиннің айтуынша, № 2 индустриялық парктің құрылысы елорданың тұрақты экономикалық өсуі үшін маңызды жоба болып табылады. Алайда, жеке серіктестің құрылыс құнының 0,1% мөлшеріндегі кепілдік міндеттемелері жеткіліксіз деп санайды, сондай-ақ, жоба аяқталғаннан кейін нақты кепілдік мерзімі белгіленбеген. Оның пікірінше, объектіні балансқа бергеннен кейін кепілдік мерзімі және мердігердің есебінен ақауларды жою тәртібі белгіленбеген.
«Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе бойынша тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов хабардар етті, ол әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысы жоспарланып отырған учаскелердің орналасуы мен сипаттамалары туралы деректер келтірді.
Депутат Владислав Сергеев әрбір сессия барысында жер учаскелерін сатып алу мәселелері қаралатынын атап өтті. Неліктен бастапқыда әлеуметтік нысандарды салу үшін резервтік учаскелер жоспарланбаған. Қазіргі уақытта Есіл және Нұра аудандарында мемлекеттік емханалар жоқ. Сондай-ақ, тәулігіне 400 бала жүгінетін жарақат пунктін салу мәселесі өткір тұр. Депутаттар бұл мәселені ағымдағы жылдың басынан бастап көтеріп келді. Ол бюджет бекітілгенге дейін сәулет басқармасы басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп сол жағалаудағы емхана мен травматикалық пункт салу жөнінде ұсыныстар енгізуді ұсынды. Келесі жылы нысандардың құрылысын бастау керек.
Әріптесін депутат Бауыржан Смайылов қолдады, ол әлеуметтік нысандардың тапшылығы тек сол жағалауда ғана емес, тұрғын алаптарда да байқалады деп есептейді.
Депутаттар мәслихаттың құзыретіне кіретін басқа да мәселелерді, оның ішінде, Ортақ су пайдалану қағидаларын бекіту туралы, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемелерін белгілеу туралы және т. б. мәселелерді қарастырды.
Күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер қаралып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.