Мәслихат депутаттары үлестік құрылыс нысандарындағы проблемаларды талқылады
22.10.2025
Мәслихат депутаттары үлестік құрылыс нысандарындағы проблемалық жағдайларды талқылау үшін ГАСК өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңес өткізді.
Көптеген ескертулер мен ақпараттық жұмыстарға қарамастан, азаматтар әлі де адал емес құрылыс компанияларының құрбанына айналуда. Мұндай компаниялар қажетті рұқсат құжаттары болмай тұрып, азаматтарды бір шаршы метрі 160 мың теңгеден басталатын төмен бағалармен қызықтырады. Ал елордадағы тұрғын үйдің орташа нарықтық бағасы шамамен 350 мың теңге.
Мысалы, осындай жағдай «QURMANGAZY» тұрғын үй кешені үлескерлерімен де орын алған. Құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған нысанның дайындық деңгейі әлі де 0%. Қазіргі уақытта полиция департаменті компания басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Депутаттар сондай-ақ «Sapsan» тұрғын үй кешенін де аралап көрді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты құрылыс айтарлықтай кешігуде. Қазіргі таңда құрылыс компаниясы жобаны аяқтау үшін жеке инвестор тартқан.
Сонымен қатар, «Байсал» тұрғын үй кешенінде ішкі жұмыстар атқарылмаған және тұрақты инженерлік желілерге қосылу әлі жүргізілмеген.
Кеңеске қатысушылар мұндай жағдайлар ерекше бақылауды және уәкілетті органдар арасындағы тығыз өзара іс-қимылды қажет ететінін атап өтті. Сондай-ақ халық арасында рұқсатсыз және лицензиясыз жұмыс істейтін құрылыс компанияларының алдау тәсілдеріне түсіп қалмау үшін түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.