Мәслихат депутаттары елорда мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашуға дайындығын тексерді
01.10.2025
Астана қаласы мәслихатының депутаттары елорда мектептерінде стоматологиялық кабинеттерді дайындау және жарақтандыру мәселелері бойынша көшпелі тексеру жүргізді.
2025-2028 жылдар аралығында 1000-нан астам бала оқитын жалпы білім беретін мекемелерде стоматологиялық кабинеттер ашу жоспарлануда. Бастама ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша іске асырылады, ал қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Депутаттар оқушыларға профилактикалық және алғашқы стоматологиялық көмек көрсету үшін жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан бірқатар оқу орындарына барды. Тіркелген емханалар басшыларының ақпараты бойынша жаңа кабинеттердің негізгі міндеті -балалардағы стоматологиялық аурулардың алдын алу, инвазивті емес процедураларды жүргізу және оқушыларға ауыз қуысының гигиенасы ережелерін үйрету.
Жыл басында бес мектепке қаражат бөлінді. Осы аптада депутаттар № 60 лицейде (Кубрин көшесі) және № 87 гимназияда (Иманов көшесі) іс-шаралардың жай-күйімен танысты. Мұнда кабинеттер толық жабдықталған, санитарлық талаптарға сәйкес келеді, бөлмелері кең және жарық. Алдағы күндері медициналық қызметтерді лицензиялау рәсімі аяқталады деп күтілуде.
Депутаттар стоматологиялық аурулардың алдын алудың маңыздылығын, балалар үшін мұндай қызметтердің қолжетімділігін және өскелең ұрпақтың денсаулық мәдениетін қалыптастырудағы мектеп кабинеттерінің маңызды рөлін атап өтті.
Осы күзде депутаттар пилоттық объектілердің жұмысын бағалауды және оң нәтижелер болған жағдайда жобаны кеңейту үшін келесі жылға қаржыландыруды көздеуді жоспарлап отыр. Тексеру қорытындысы бойынша лицензиялау процесін жеделдету, қызметкерлерді қосымша оқыту және қаланың барлық аудандарында стоматологиялық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берілді.