Мәслихат депутаттары жылу беру маусымына дайындығын және инфрақұрылымдық объектілердің іске асырылуын тексерді
30.09.2025
Мәслихат депутаттары жылу беру маусымына дайындықты, сондай-ақ, энергетика, кәріз, сумен жабдықтау және жаңа инженерлік желілер салу салаларындағы жобалардың іске асырылуын бақылау шеңберінде қалалық инфрақұрылымның негізгі объектілері бойынша сапарға шықты.
Депутаттар «Астана-АЭК» АҚ-ның қысқы кезеңге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударды.
Астана белсенді өсіп, дамып келеді және оның энергия тұтынуы үнемі артып келеді. Қосалқы станциялардың орнына жаңа ЖЭО салу жылу және электр энергиясының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Депутаттар талқылаған проблемалық мәселелердің қатарында тарифтердің өсуіне байланысты жинақталған әлеуметтік объектілердің (ауруханалар, емханалар) қарыздары, тастанды және қызмет көрсетілмейтін электр желілері, заңмен бекітілген жауапкершіліктің болмауы, сондай-ақ, бірқатар қызмет түрлеріне тыйым салу бар.
Тілендиев даңғылында депутаттар тұрмыстық кәріз желілерінің құрылысымен танысты. Мердігерлердің айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін, ауданның санитарлық жағдайы жақсарады, сонымен қатар, септиктер мен ағынды суларды үнемі сорып алу мәселесі шешіледі.
Сонымен қатар, депутаттар Жақып Ақбай көшесіндегі «Астана Су Арнасы» МКК іске асырылып жатқан жаңа жобаға барды. Мемлекет басшысының «тарифті инвестициялармен алмастыру» туралы тапсырмасына сәйкес Көктал алабында екі жылда 5 шақырымнан астам кәріз желілері салынады, оның 2 шақырымы биыл аяқталады. Жұмыстар асфальтты ашпай заманауи әдіспен жүргізілуде.
Сапар соңында депутаттар жаңа № 3 сорғы-сүзгі станциясына барды. Объект 2023 жылдың соңында пайдалануға берілді және тәулігіне 105 мың текше метр суды тазартуды қамтамасыз етеді, бұл қаланың сол жағалауын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қаланың тіршілігін қамтамасыз етудің барлық бағыттарына жүйелі мониторинг ағымдағы жылдың сәуір айында басталды. Объектілерді аралау қорытындысы бойынша ескертулерді жою, мердігерлерді бақылауды күшейту бойынша ұсыныстар берілді.