Астана қаласы мәслихатының депутаттары Қарағанды облысына барды
04.09.2025
Астана қаласы мәслихатының депутаттары жұмыс сапары аясында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттарымен бірлесіп Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымы объектілеріне барды.
Жұмыс іссапары өндірістің нақты жағдайымен танысу, индустриялық аймақтарды ілгерілету мен дамыту тәжірибесін зерделеу, инвесторларды тарту және өнеркәсіпті қолдауға бағытталған бағдарламалардың жүзеге асырылуымен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
Іссапар бағдарламасына сәйкес, 2021 жылы Сарань қаласының экономикалық дамуын ынталандыру мақсатында бұрынғы РТИ зауытының өнеркәсіптік аймағының базасында құрылған «Saran» индустриялық аймағының бірқатар өнеркәсіптік объектілеріне барды. Бұл өңірдің қарқынды дамып келе жатқан алаңдарының бірі. Индустриялық аймақ аумағында депутаттар Сарань қаласының әкімімен, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысымен, сондай-ақ «Сарыарқа» АЭА» БК» АҚ басқарма төрағасымен кездесті.
Қарағанды облысы экономикасын әртараптандыру аясында кен өндіру саласынан инновациялық бағытқа біртіндеп бет бұрып жатқандығы белгілі. Мұнда металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, кабель-өткізгіш өнімдерін өндіру мен жеңіл өнеркәсіп салаларында жобалар дамып келеді.
Депутаттар заманауи Tengri Tyres шиналар зауытында болды. Мұнда жеңіл және жүк автомобильдеріне арналған жазғы және қысқы шиналар Attar брендімен сериялық өндіріске шығарылуда. Сондай-ақ олар «Қазақстан ыстық мырыштау зауыты» ЖШС, тұрмыстық техника өндіретін «Silk Road Electronics» ЖШС, автобус пен арнайы техника шығаратын «Qaztehna» ЖШС, және «№3 автобус паркі» ЖШС кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
Жалпы, Қарағанды облысының индустриялық аймағына жасалған сапар депутаттарға жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен танысып, индустриялық аймақтың мүмкіндіктері жөнінде қосымша мәлімет алуға әрі әріптестік байланыстарды кеңейтуге зор тәжірибелік мүмкіндік берді. Мұндағы қолданыстағы тәсілдерді алдағы уақытта елордадағы автобус парктеріне енгізу жоспарлануда.