Кезектен тыс сессия: Астана қаласының жеңіл рельсті көлігі бекеттеріне атау беру туралы
19.08.2025
Қалалық мәслихатта Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен Астана қаласының жеңіл рельсті көлігі бекеттеріне атау беру туралы мәселе бойынша 40-шы кезектен тыс сессиясы өтті.
Кезектен тыс сессия жұмысына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.
«Астана қаласының жеңіл рельсті көлігі бекеттеріне атау беру туралы» мәселесі бойынша Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп баяндады. Ол барлығы 18 бекет болатынын атап өтті. Атауларды тағайындау барысында қоғамдық, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, ономастикалық комиссия мүшелерімен үлкен жұмыс атқарылды, тарихтың, мәдениеттің әртүрлі аспектілері зерделенді. Көптеген пікірталастардан кейін комиссия мүшелері бекет атауларын таңдау туралы консенсусқа келді. Көлік қозғалысы елорда әуежайынан басталады, сондықтан, бекетті «Әуежай», одан әрі «Атамекен», «Есіл», «Мәңгілік Ел», «Астана жұлдызы», «Нұра», «Университет», «Ұлы Дала», «Астана Арена», «Жекпе-жек сарайы», «Сығанақ», «Бәйтерек», «Министрліктер үйі», «Ұлттық мұражай», «Театр», «Мыңжылдық аллеясы», «Жібек жолы», «Нұрлы жол» деп атау туралы ұсыныс түсті.
Депутат Бауыржан Смайылов ЖРК жобасы аяқталуға бет бұрғанын айтты. Депутаттың пікірінше, бекеттердің атаулары азаматтардың жергілікті ерекшеліктері мен ұмтылыстарына сәйкес келеді.
Депутат Қанат Естек бүгінгі іс-шараға қатысушылар тарихи сәттің куәсі болғанын айтты. Жоба аяқталуда және бұл елорда тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға.
Депутат Қанат Ибраев әріптестерін қолдады, оның пікірінше, бекет атаулары қисынды негізделген және бас тартуды тудырмайды. Бұл ретте, егер мүмкіндік болса, қос атауларды, мысалы, Асқар Забикулин атындағы «Нұра» бекеті деп пайдалануды ұсынды.
Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Тимур Мусин жаңа құрылым - Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының құрылуына байланысты «Астана қаласы мәслихатының «Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласын басқару схемасы туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы» екі мәселе бойынша сөз сөйледі.
Үшінші мәселе «Астана қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы туралы». Мусин кадрлық өзгерістерге байланысты комиссия құрамына өзгерістер енгізу талап етілетінін баяндады.
Астана қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков кезектен тыс сессияға қатысушыларға депутат Ерлан Дакеновтің «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 20 бабына сәйкес, өз өкілеттіктерін ерікті түрде тоқтату туралы келіп түскен өтінішіне байланысты мәслихат депутатының өкілеттігі тоқтатылатынын хабарлады.