Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Астана жастары» ұйымдастыруымен 2024–2025 жылдарға арналған нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында елордада ауқымды антинаркотикалық акция өткізілді
07.08.2025
Шараға қалалық мәслихат депутаттары, «Нұра» ауданы әкімдігі мен прокуратурасының өкілдері, Полиция басқармасы, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері, еріктілер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері белсене қатысты. Акцияның басты мақсаты – тыйым салынған заттарды жарнамалайтын жазуларды бояу арқылы олардың көзге түсуін азайту, салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, қоғамда нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.
Шара барысында депутаттар белсенділермен бірге қаланың кей көшелеріндегі ғимараттардың қабырғаларына жазылған граффити-жарнамаларды бояп, «Күйгенжар» стационарлық бекетінде арнайы қызметтік иттің көмегімен көліктерді тексеруге қатысты. Сонымен қатар, қалалық психикалық денсаулық орталығы жанындағы наркологиялық бөлімге барып, емделу және оңалту жағдайларымен танысты. Бұл - нашақорлыққа қарсы күрестегі нақты әрекеттер мен қоғамның бірлескен жауапкершілігінің көрінісі.