Астана қаласының мәслихат депутаттары елордадағы негізгі қоғамдық кеңістіктердің қайта жөндеу жұмыстарының барысын тексерді
09.07.2025
Есіл өзенінің жағалауы - қайта жаңғырту жұмыстары Амман көшесіндегі көпірден Сарайшык көшесіндегі көпірге дейінгі аумақта жүріп жатыр. Жоба үш аймақтан тұрады: классикалық, экологиялық және спорттық. Қазіргі таңда 1000 м²-ден астам брусчатка төселіп, ағаштар отырғызылды, автосуару және электр желілері тартылып жатыр. Сонымен қатар көгалдандыру, вертикалды жоспарлау, бордюрлер орнату және үстел теннисі алаңдарын жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Болашақ жарықтандыру үшін қажетті элементтердің монтажы да жалғасып жатыр. Президент саябағындағы қайта жөндеу жұмыстары екі кезеңмен іске асырылады. Бірінші кезеңде жағалауды абаттандыру, төсеме жабынды төсеу, жарықтандыру жүйесін орнату, көгалдандыру және автосуару жүйесін жүргізу көзделген. Екінші кезеңде шағын сәулеттік формалар орнатылып, «Самұрық» субұрқағы қайта жөнделеді. Қазірдің өзінде 10 000 м² брусчатка ауыстырылып, 70 мыңнан астам бұта мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылды, техникалық үй-жайлардағы жөндеу аяқталды, жарықтандыру жүйесі орнатылып жатыр.
VII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне арналған «Өмір ағашы» монументі бар сквер де қайта жаңартылуда. Монументтің металл құрылымдары орнатыла бастады. Ішкі қаптама көпқабатты тот баспайтын және жез болаттан жасалады. Жанындағы аумаққа қосымша ағаштар, бұталар мен көпжылдық гүлдер отырғызылып, төселді. Бордюрлер мен асфальт жабындысы орнатылып, сарқырама жанындағы сәндік туннель әрленді. Балалар ойын алаңдарын орнату жұмыстары басталды.
Барлық жұмыстар кезең-кезеңімен, белгіленген мерзімдер мен техникалық талаптарға сай жүргізілуде.