Астанада жылумен және энергиямен қамту мәселелеріне арналған көпшілік тыңдаулар қарсаңында негізгі құрылыс нысандарына кезекті жұмыс сапарлары жалғасуда
27.05.2025
Астанада жылумен және энергиямен қамту мәселелеріне арналған көпшілік тыңдаулар қарсаңында негізгі құрылыс нысандарына кезекті жұмыс сапарлары жалғасуда. Бүгін 110/20 кВ «Арай» қосалқы станциясының құрылыс барысымен таныстық. Қазіргі таңда жұмыстардың 96 пайызы орындалған, құрылыс шілде айында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба аясында әрқайсысының қуаттылығы 80 МВА болатын екі трансформатор орнату және 110 кВ кернеулі 11,16 шақырым кабель желісін төсеу қарастырылған. Бұл нысан болашақта салынып жатқан Эллингтон ықшам ауданының тұрақты электрмен жабдықталуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Қорғалжын тас жолы маңындағы газ қазандығы мен оған тиесілі инженерлік инфрақұрылым құрылысының барысымен таныстық. Мұнда бүгінде төрт негізгі бағыт бойынша магистральдық жылу желілерін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, Эллингтон НС-14 сорғы станциясына дейін, Шыңғыс Айтматов пен Роза Бағланова көшелерінің қиылысынан ТМ-55-ке дейін, қазандықтан ТМ-55 жылу магистраліне және Острово шағын ауданына дейін жылу желілері төселуде. Бүгінгі күні бұл желілердің 65 пайызы аяқталған, жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады. Аталған және басқа да маңызды жобалардың іске асырылуы ертең өтетін қоғамдық тыңдауларда жан-жақты талқыланады.