Мәслихаттың бюджетті нақтылау жөніндегі отырысы
12.03.2025
Қалалық мәслихатта Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен Астана қаласының 2025 жылға арналған бюджетін алғашқы нақтылау бойынша мәслихат отырысы өтті.
Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев депутаттарға «Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын тексеру және халыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық көмек көрсету» бағдарламасы бойынша, оның ішінде екі ПМПК, ДО, екі ППТК ағымдағы жөндеуге қосымша қаражат көзделгенін хабарлады. Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде 6 колледжді ағымдағы жөндеу, 6 мектепті күрделі жөндеу, екі, оның ішінде біреуі көру қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақшаны жарақтандыру, әрбіреуінің жобалық қуаты 300 орындық 2 жекеменшік балабақша сатып алу жоспарланған.
Депутат Асқар Смағұлов өз сөзінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қолдады. Депутаттың айтуынша, балабақшаларды барып көру барысында олардың нашар жағдайының куәсі болған. Осыған байланысты депутат бірінші кезекте балабақшаларды жөндеуге қаражат бөлуді ұсынды. Білім басқармасы қаражат табу үшін шығындарды қайта қарастыруы қажет. Депутат Азамат Айтхожин әріптесін қолдады, оның пікірінше, балабақшаларда балалар өте жайсыз жағдайда.
Депутат Қанат Ибраев мектеп жиһаздарын сатып алу процесін ретке келтіруді ұсынды. Оның пікірінше, сатып алуды мектеп директорлары емес, білім басқармасының жауапты тұлғасы жүргізуі керек, өйткені жеткізушіні таңдау кезінде жиі қателіктер жіберіледі, бұл сапасыз жиһаз сатып алуға байланысты қосымша шығындарға әкеледі.
Депутат Ләззат Разбекова №23 мектепке жапсарлас құрылысты жөндеуге қатысты мәселені тағы да көтерді. Ол құжаттардың уақтылы дайындалмауына, пайдалануға беру актісінің, ақау актісінің жоқ болуына байланысты істің тоқтап тұрғанын атап өтті.
Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден 2 жекеменшік балабақша сатып алуға қатысты сұрақ қойып, депутаттардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына барып қайтуын ұйымдастыруды ұсынды.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит 002 «Жергілікті деңгейде спорттық жарыстар өткізу» бағдарламасы, 003 «Спорт түрлері бойынша құрама командалардың мүшелерін республикалық және халықаралық спорттық жарыстарға даярлау және қатысу» бағдарламасы, «Спорт бойынша балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беру» бағдарламасы бойынша қажеттілікті қосымша қаржыландыру туралы баяндады.
Депутат Кендебай Адамбек елордада қанша спорт түрі дамып жатқанын сұрады. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты, олимпиадалық, паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту туралы айтқан. Депутаттың пікірінше, бюджет қаражатын шашыратпай, 40-50 спорт түрін кешенді дамытуға бағыттау керек. Балалар мен жастар арасында өте танымал шахмат, үстел теннисі сияқты спорт ойындары көп жылдар бойы қаржыландырылмай келеді. Ол сондай-ақ, сәйкессіздікке назар аударды, бастапқыда спорт басқармасы бір соманы сұраған, ал бүгін басқа сома аталып отыр.
Депутат Абзал Сағымбаев та шахмат клубын қолдауды ұсынды. Бұл көп алтын, күміс, қола медальдарға қол жеткізуге болатын спорт түрлерінің бірі. Бүгінгі күні 35 мың оқушы шахматпен айналысады.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері қызметін цифрландыру мәселесін депутат Сәуле Самидин көтерді. Оның айтуынша, Алматыда цифрландыру жүргізілген және бұл айтарлықтай экономикалық нәтиже берген. Қалада мемлекеттік тапсырысты іске асыруда тәртіп орнату мақсатында құрылған Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы жұмыс істейді, алайда бүгінгі таңда бұрынғы олқылықтар қайтадан орын алуда, оны цифрландыру арқылы ғана жоюға болады.
Депутат Ләззат Разбекованың пікірінше, Дирекцияда бұл салада тәртіп орнату құралдары жоқ. Депутаттар спорт нысандарына барып көріп, жағдайды жақсарту бойынша бірнеше рет ұсыныстар енгізген. Алайда, іс жүзінде бүгінгі күні мәселе шешілген жоқ.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау» бағдарламасы (есту аппараттарын, кресло-арбалар, протездік-ортопедиялық құралдарды және т. б. сатып алу), «Мүгедектігі бар мұқтаж адамдарды міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедек және есту қабілеті нашар адамдарға мүгедектігі бар адамды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілердің қызметтерін көрсету» бағдарламасы, «Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында және үйде мүгедектігі бар қарттарға және мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» бағдарламасы бойынша бюджеттік өтінімге қолдау көрсетілгенін баяндады.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қадыр Жарасбаев басқармаға «Денсаулық сақтау саласындағы жергілікті деңгейде мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер» бағдарламасы бойынша, «Денсаулық сақтау медициналық ұйымдарының күрделі шығыстары» бағдарламасы бойынша, мұнда мектептерде пилоттық режимде стоматологиялық кабинеттер ашу туралы сөз болып отырғанын, сонымен қатар, «Жергілікті өкілді органдарының шешімі бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қосымша қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша қосымша қаражат қарастырылғанын баяндады.
Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден мектеп қабырғасында стоматологиялық кабинеттер құруға қатысты сұрақ қойды, білім беру ұйымдарында стоматологиялық кабинеттер ашу үшін жағдайлар бар ма. Ол депутаттарға стоматологиялық кабинеттердің ұйымдастырылуымен сол жерде танысуды ұсынды.