Бүгінгі таңда елордамызда әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 38 433 адам тұр
20.12.2024
Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 40 мыңнан асқан болатын, яғни оң динамика байқалады. СУСН санатына жататын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері елорда мәслихатының көпшілік тыңдауларында талқыланды. Ағымдағы жылы 294 адам несиеге берілетін тұрғын үйге қол жеткізсе, 1803 адам СУСН санаты бойынша, ал 155 адам «Елорда жастары» бағдарламасы аясында баспана алды. Кездесу барысында ғимараттардың қасбеттерінің жағдайы, лифт жабдықтарының жұмыс істеуі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасау мәселелеріне қатысты ескертулер айтылды.
«Бұл проблемаларды қысқа мерзімде шешу қажет, орындалуын бақылау депутаттар корпусына жүктеледі. Тұрғын үй салып, мұқтаж жандарға кілт табыстаумен шектелмей, үйлердегі тәртіпті тұрақты түрде бақылап, ескертулерді уақытылы жою қажет», - деп атап өтті Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов. Биыл мәслихат депутаттары СУСН санатына арналған тұрғын үй құрылысына қаржы бөлу мәселесін қолдады. Бұл бағыт елордадағы «AMANAT» партиясы филиалының сайлауалды бағдарламасының Жол картасында басымдыққа ие.