Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту
28.11.2024
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен отырыс өтті.
«Астана қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту туралы», «Астана қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, әкету, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму тарифтерін бекіту туралы» екі мәселе бойынша қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов баяндама жасады. Ол коммуналдық қалдықтардың түзілу мен жинақталу нормалары 2012 жылы бекітілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта қалдықтардың түзілу өлшемін маусымдық жүргізу қорытындысы бойынша олардың 1,4% - ға өсуі анықталды.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, әкетуге, кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге және көмуге арналған тарифтерге қатысты Дәулет Досқұлов соңғы бес жылда кәсіпорындардың шығындары мен қалдықтарды басқару қызметтерін көрсетудің өзіндік құны екі есе өскенін айтты. Қазір қалада 100-ге жуық арнайы автокөлік, қоқыс контейнерлері сатып алынды. Әкімдік арнайы техниканы цифрландыру жөнінде шешім қабылдады. Басқарма басшысы бір тұрғынға жылдық тариф пен айлық тарифтің есептеулерін таныстырды.
Мәслихат депутаттары басқарма басшысына олардың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, қалдықтарға арналған нормалар мен тарифтерді бекіту мәселелері бойынша неғұрлым егжей-тегжейлі ақпарат дайындауды және мәслихат отырысына қайта шығаруды ұсынды.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов отырысты қорытындылай келе, ірі көлемді қоқыс мәселесін пысықтауды және қолданыстағы құқықтық нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды, өйткені бүгінгі күні бұл мәселе заңнамамен реттелмеген. Жер асты қоқыс контейнерлері (MOLOK) туралы мәселені өзіміз шешуіміз керек, өйткені кезінде басқарма құрылыс салушыларға оларды орнатуға рұқсат берді.