Қала аудандары әкімдерін тағайындауға келісім беру мәселесі бойынша кезектен тыс сессия
18.11.2024
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен сегізінші сайланымдағы депутаттардың кезектен тыс сессиясы өтті.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-2-бабының 2-тармағына сәйкес мәслихаттың кезектен тыс сессиясында «Сарайшық» ауданы әкімінің лауазымына тағайындауға келісім беру туралы және «Алматы» ауданы әкімінің лауазымына тағайындауға келісім беру туралы мәселе қаралды.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттық корпусқа келісуге «Сарайшық» ауданының әкімі лауазымына Мақсат Саматұлының кандидатурасын ұсынды.
Мақсат Саматұлы еңбек жолын Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінің мемлекеттік экологиялық сараптамасының жетекші маманы ретінде бастады. 2009 жылы Астана қаласының «Астана қалалық коммуналдық шаруашылық» АҚ шарттарын орындау бөлімінің бас маманы, кейін «Тұрмыс» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің инженері болып жұмыс істеді. 2011 жылы – Астана қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы, «Мұз айдыны» МКҚК директорының орынбасары, 2019 жылы - Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімі аппаратының өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы, 2022 жылы «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» ауданы әкімінің орынбасары. 2022 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін – Астана қаласы «Алматы» ауданының әкімі.
Депутаттар Саматұлы Мақсаттың кандидатурасын қолдап сөз сөйледі.
Сегізінші сайланымдағы депутаттардың келісуіне қала әкімі Жеңіс Қасымбек «Алматы» ауданының әкімі лауазымына Рүстем Тәуекеловтың кандидатурасын ұсынды. Ол Рүстем Тәуекелов еңбек жолын 2016 жылы Астана қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде ҚР ЭҚжСЖқКА (қаржы полициясы) жүйесінде бастағанын, 2016 жылдың маусымынан 2020 жылдың қаңтарына дейін – «Балқантау KZ» ЖШС қаржы директоры, 2021 жылы – «Сенат 2050» микроқаржы ұйымы» ЖШС директоры, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, 2022 жылы – «City Transportation system» ЖШС Басқарма мүшесі – төрағасының орынбасары қызметін атқарғанын атап өтті. 2022 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін – «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС Бас директоры.
Депутаттар Рүстем Тәуекеловтың кандидатурасын мақұлдады.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттық корпусқа қала аудандарының әкімдері лауазымына кандидатураларды қолдағаны үшін алғысын білдірді. Ол «Алматы» ауданы қаланың ең тығыз қоныстанған аудандарының бірі екенін атап өтті. Аудан аумағында тұрғын үй алаптары бар, бірқатар көппәтерлі тұрғын үй кешендерін пайдалануға беру, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да мәселелерін шешу қажет. Сондай-ақ, қаланың жаңадан құрылған ауданында да көп жұмыс күтіп тұр. Жеңіс Қасымбек аудан әкімдері өздеріне жүктелген үміттерді ақтайтынына сенім білдірді.