Қала тұрғындары алдында есеп берулер жалғасуда.
20.02.2018
Жыл сайын бірінші тоқсанда барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен есеп беру кездесулерін өткізеді, олардың барысында елде жүргізіліп жатқан реформалар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жыл бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, оның одан әрі дамуының міндеттері мен негізгі бағыттары туралы хабардар етеді.Бұл кездесулер атқарушы органдардың нақты сынағы болып табылады, өйткені тұрғындар белгілі бір аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының ең өзекті мәселелерін көтереді. Бұл - атқарушы билік пен халық арасындағы ашық диалог, бұл Мемлекет басшысының талабы бойынша оның жауапкершілігін және есептілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Елордада алғаш рет Астана қаласының әкімі А.О.Исекешевтің тапсырмасы бойынша қала әкімінің орынбасарлары осындай есеп беру кездесулерін өткізуде. Маслихаттың төрағасы Жанат Нұрпейісовтың төрағалығымен өткен кездесуде қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысушылардыелорданың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырды. Ол білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер мен әлеуметтік мәселелердішешуге бағытталған шаралар туралы егжей-тегжейлі тоқталды.
Есеп беру кездесуінде қала тұрғындары қалалық мектептерді қайта топтастыру, мемлекеттік балабақшалардың жетіспеушілігі, медициналық көмектің сапасы, студенттерге арналған тегін стипендияны көтеру немесе студенттерге тегін жол ақысы және басқа да көптеген мәселелерді көтерді.
Кездесу барысында көтерілген барлық сұрақтар бақылауға алынады. Сонымен қатар, кездесудің қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың басшылары азаматтарды жеке қабылдады.
Жиналысқа қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты.