Қазақстандағы көмір электр станцияларының тозу деңгейі жоғары
20.08.2024
Қазақстанда электр энергиясының 70% көмір станцияларында өндіріледі, олардың тозу деңгейі өте жоғары. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова Астанада өткен Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша көпшілік талқылауында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл станциялардың кейбірі келесі 10 жыл ішінде пайдаланудан шығарылуы керек. Бұл ретте елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі жылдан жылға өсіп келеді. Бұл себептен 2035 жылға қарай арнайы жоспар бекітілген болатын. Бұл жоспар бойынша келесі онжылдықта 26 мың МВт қуаттылығы бар станциялар іске қосылады. Әрине, оның ішінде қолданыстағы станцияларды жаңарту жұмыстары да бар, жаңадан станцияларды салу да жоспарланған.
Г.Мурсалова Қазақстанда жаңартылған энергия көздері өте жақсы дамытылып жатқанын атап өтті. Жаңадан жел электр станциялары, күн электр станциялары салынады. Бүкіл 26 мың МВт қуаттылықтың 10 мың МВт жуық ЖЭК іске қосылады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта көмірмен жұмыс істейтін станцияларға қаржы тарту қиын болып тұр. Себебі көмірмен жұмыс істейтін станциялардың көмірқышқыл газдарының шығындары өте жоғары.
“Сол себептен референдумның нәтижесі оң болған жағдайда ғана біз үлкен қуатты екі реакторы бар бір атом электр станциясын қарастырамыз. Себебі АЭС жасыл энергетикаға жатады. көмірқышқыл газдарының шығындары 0”, - деді Г. Мурсалова.