Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою
18.06.2024
Қалалық мәслихатта Азамат Айтқожиннің төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Депутаттар жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару жөніндегі шарттарды келісу туралы мәселені қарады.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов мәслихаттың тұрақты комиссиясының қарауына шығарылатын, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ұсынды.
Тізбеге 15 әлеуметтік нысан – Уәлиханов/ Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы аумақты абаттандыру, мектептер, бірқатар көшелер, дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернат, кірме жолдар, көпсалалы аурухана, елшілік ғимараты кірді.
Отырыс аясында меншік иелерімен және олардың өкілдерімен онлайн режимде кездесу өтті.
Тұрақты комиссияның төрағасы Азамат Айтқожин меншік иелеріне өтініш білдіріп, олар өтемақы сомасымен келіскендіктен, мәселе кезектен тыс сессияның қарауына шығарылатынын және ол бойынша тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов екі меншік иесі бойынша шешім қабылдау үшін көшпелі отырыс өткізуді ұсынды. Ол осы уақытқа дейін тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы ескі тұрғын үйлердің құрылыс және техникалық сипаттамаларын ескере отырып, олардың нақты дәйектелімі көрсетілген бұзу кестесін жібермегенін атап өтті.