Астана қаласының жаңа ауданына атау беру мәселесі бойынша көпшілік тыңдаулар
12.06.2024
Қалалық мәслихатта Астана қаласының жаңа ауданына атау беру мәселесі бойынша көпшілік тыңдаулар өтті.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов көпшілік тыңдауларды аша отырып, жергілікті атқарушы орган Астана қаласының мәслихатына елорданың жаңа ауданына атау беру жөнінде материалдар жібергенін айтты.
Бірінші болып тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп сөз сөйледі, ол ономастикалық комиссияның отырысында он беске жуық ұсыныс талқыланғанын, оның ішінде төрт ұсынысқа тоқталғанын хабарлады: Сарайшық, Тұран, Сауран, Жерұйық. Нәтижесінде Сарайшық атауы таңдалды. Сарайшық сөзінің мағынасы – сауда жолдарының қиылысу нүктесі, ұлы қазақ хандарының жерленген жері. Қала аудандарының барлық төрт атауы Қазақстанның топонимикасымен байланысты. Сарайшық – Қазақстанның батысындағы қала. Тілдер және архив ісі басқармасының басшысы ономастикалық комиссия мүшелерінің ұсынысын қолдауды сұрады.
ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аяған Бүркітбай депутаттармен кездесуге қанағаттанғандығын білдірді, өйткені профессордың пікірінше, бұл мәселе өте маңызды. Сарайшық атауы халық бірлігін одан әрі нығайту мақсатында таңдалды. Бұл атаудың саяси, этика және эстетика тұрғысынан рөлі зор. Профессор халықаралық тізілімде Сарайшық қала ретінде белгіленгенін және егер депутаттар осы атауды қолдаса, қала ауданы халықаралық тізілімге кіретінін атап өтті. Сарайшық қаласы Еуропа мен Азия шекарасында орналасқан. Аңыз бойынша, қала Шыңғыс ханның немересі Батудың бұйрығымен салынған. Ол кезде Сарайшық ірі сауда орталығы және Алтын Орда хандарының жазғы резиденциясы болған. Дәл осы жерде Алтын Орданың бірнеше хандары таққа отырды, ал жақын маңда хандар жерленді, олардың бірі Жайық пен Еділ арасындағы аумақты Қазақ хандығына қосқан Қасым хан.
Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Астана қаласының ономастика комиссиясының мүшесі Дархан Мыңбай Сарайшық атауын қолдап сөз сөйледі. Ол ономастикалық комиссияның үлкен жұмыс атқарғанын айтты. Еліміздің батысындағы ең ірі қала – Сарайшық атауы қазіргі Астана аудандарының біріне берілетін болады. Бұл өте символдық, және де ұрпақтар сабақтастығының, өткен мен болашақ арасындағы байланыстың көрсеткіші.
Депутат Ғабит Тәжімұратов Сарайшық қалашығының орнында болғанын атап өтті. Бағдадтан кейін маңыздылық тұрғысынан ол екінші орында болған.
Депутат Нұрлан Өтешев ғалымдардың ұсынысын қолдап сөз сөйледі. Депутаттың пікірінше, бұл атаудың тарихи маңызы ғана емес, жалпы адамзаттық құндылығы да бар.
Депутат Бекзат Жолжақсынов қоғам үшін Сарайшық атауының маңызы зор екенін атап өтті, өйткені бұл іс жүзінде руханиятты тәрбиелеу.
Депутат Ерлан Дәкенов ономастикалық комиссия мүшелерінің елорданың жаңа ауданына атау беру мәселесін шешуге қаншалықты мұқият және егжей-тегжей қарағаны туралы өз пікірін білдірді. Өзі комиссияның мүшесі бола отырып, ол атауды таңдау процесінің қалай өткеніне куә болды. Ерлан Дәкенов әріптестерінен ономастикалық комиссия мүшелерінің шешімін қолдауды сұрады.
Қорытындылай келе, мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов көпшілік тыңдаулардың нәтижелері бойынша олардың хаттамасы қала әкімдігінің сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде орналастырыла отырып, қабылданатынын атап өтті.