Бюджетті нақтылау мәселелері бойынша кезектен тыс сессия
06.05.2024
Қалалық мәслихатта «Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе бойынша кезектен тыс сессия өтті.
Кезектен тыс сессия жұмысына Астана қаласының әкімі Женис Касымбек, қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Негізгі мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Кайсар Манкараев сөз сөйледі. Ол меншікті кірістердің нақты жиналуын талдауды ескере отырып, салық түсімдері, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша кірістерді ұлғайту жоспарланғанын айтты. Шығыстар туралы айта келе, спикер тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутаттардың 2024 жылға арналған бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстары айтылғанын атап өтті. Барлық ұсыныстар бюджет жобасына, оның ішінде білім беру, спорт, жол инфрақұрылымын дамыту, қала аумағын абаттандыру саласындағы қосымша қаржыландыру бойынша енгізілді.
Депутат Бауыржан Смайылов әкімдік тарапынан көп жұмыс жүргізілгенін, қыс ауыр оқиғаларсыз аяқталғанын атап өтті. Алайда депутаттың Көктал тұрғындарының көптеген өтініштеріне байланысты тілегі бар, онда олар №41 мектепке жапсаржай салуды сұрайды. Мектепке жапсаржай салу туралы тапсырма болды, бірақ экономика басқармасы бюджеттік өтінімді қолдамады.
Қала әкімі депутаттың сұрағына жауап берді. Ол Астанада мектеп салу жоспары туралы хабарлады. Ағымдағы жылы жайлы мектептер пайдалануға беріледі. Осылайша, барлығы 30-ға жуық мектеп пайдалануға беріледі. Көктал тұрғын алабында 2 жайлы мектеп салынады, олардың бірі №41 мектептің жанында орналасады. Мектеп салу мәселелері шешілуде, қазір кадрлық мәселе алдыңғы қатарға шығады, қалаға 3,5 мың педагог қажет болады. Осыған байланысты әкімдік колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуға гранттар бөледі. Педагогикалық колледж педагогикалық университетке айналады, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ филиалы, НЗМ базасында Педагогикалық институт құрылады.
Қала әкімі Женис Касымбек сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында үлкен жұмыс атқарылғанын, бірінші тоқсанда кіріс бөлігінде экономикалық өсім байқалғанын, жұмыс орындары құрылғанын хабарлады. Экономиканың барлық негізгі бағыттары бойынша оң динамика бар. Спортты дамытуға, әлеуметтік қолдауға, білім беруді дамытуға, аулалар мен аудандарды абаттандыруға, қоғамдық көліктерге, инженерлік және газ тарату желілеріне айтарлықтай қаражат бөлінді.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов мамыр айының соңында қала әкімімен кездесу өтетінін мәлімдеді, оның барысында депутаттар өздерін толғандыратын барлық сұрақтарға жауап ала алады.
«Астана қаласында фото-бейнетіркеу және бейне талдаудың аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және пайдалану» «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе бойынша цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Мейрамбек Аширбеков сөз сөйледі. Ол сессия қатысушыларына жобаның 2017 жылдан бастап іске асырылып жатқанын, жобаны іске асырудың экономикалық тиімділігі, оның ішінде қылмыс пен ЖКО деңгейінің төмендеуі бар екенін хабарлады. Жасанды интеллект көмегімен жаңа жоба әзірленуде, ол келісуге ұзақ уақытты қажет етеді. Осыған байланысты спикер уақытша шара ретінде жобаның орындалу мерзімін 6 айға ұзартуды сұрайды.
«Астана қаласы бойынша қалалық және қала маңындағы қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға арналған тарифтердің кейбір мәселелерін келісу туралы» мәселе бойынша көлік және жол–көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Карагойшин баяндады. Ол 10 жыл ішінде тариф көтерілмегенін, дизель отыны, автобустардың құны бір уақытта қымбаттағанын, жүргізушілердің жалақысы көтерілгенін хабарлады.
Депутат Бауыржан Смайылов сессия қарсаңында депутаттар тарифті көтеру мәселесін қарастырып, осы ұсынысты қолдағанын айтты. Сонымен қатар, депутат қоғамдық көлік жұмысының сапасын жақсартуға, қарбалас сәттерде автобустардың санын көбейтуге назар аударуды сұрайды. Бұл міндет жеке автопарктердің алдына да қойылуы керек.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов қоғамдық көліктің жұмысына мониторинг жүргізуді ұсынды. Депутаттар үшін қала тұрғындарының қалалық көліктің жұмысында жақсару бар-жоғы туралы пікірін білу маңызды.
Кезектен тыс сессияны қорытындылай келе, мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов іс-шараға қатысушыларды алдағы мерекелермен құттықтап, денсаулық пен амандық тіледі. Кезектен тыс сессияның қарауына шығарылған барлық мәселелер талқыланып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.