Есіл ауданының әкімін тағайындауға келісім беру мәселесі бойынша кезектен тыс сессия
28.02.2024
Асқар Смағұловтың төрағалығымен сегізінші сайланым мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясы өтті.
Сессия жұмысына Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабына және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің ұсынымына сәйкес мәслихат кезектен тыс сессияның қарауына «Есіл» ауданы әкімінің лауазымына тағайындауға келісім туралы» мәселені шығарды.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Есіл» ауданының әкімі лауазымына Дәрменияр Қыдырбек-ұлының кандидатурасын ұсынды.
Дәрменияр Қыдырбек-ұлы еңбек жолын 2006 жылы бастаған, жеке және мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеген. 2012-2013 жылдар аралығында «Жетісу ӘКК» ҰК» АҚ (Талдықорған қ.) басқарма төрағасының орынбасары болған. 18.03.2013 - 15.11.2019 жылдар аралығында Талғар ауданы (Алматы облысы, Талғар қаласы) әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. 19.11.2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
Мәслихат депутаттары Дәрменияра Қыдырбек-ұлының кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабаев қолданыстағы заңнамаға сәйкес депутаттық міндеттерді орындаумен сыйыспайтын лауазымға тағайындау туралы өтініш беруіне байланысты Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Көпешовтың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғатын негіздердің басталу фактісі туралы хабардар етті.
Мәслихат төрағасының м.а. Асқар Смағұлов Нұрлан Көпешовке Астана қаласы мәслихатының Алғыс хатын табыс етіп, қалалық энергетика басқармасының басшысы қызметінде табыс тіледі.
Үшінші мәселе бойынша Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев сөз сөйлеп, Алмагүл Салықованы Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі етіп тағайындау туралы ұсыныс жасады. Ақпомбаев депутаттарға Жоғары аудиторлық палатада жұмыс істеген кезінде Алмагүл Салықованың заң жобасын әзірлеуге қатысқанын, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, әділет органдарында үлкен жұмыс тәжірибесі бар екенін баяндады. Тексеру комиссиясының төрағасы депутаттарды ұсынылған кандидатураны қолдауды сұрады.
Кезектен тыс сессияның қарауына шығарылған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.