Бюджет мәселелері жөніндегі комиссияның бюджеттік өтінімдерді қарау бойынша отырысы
23.02.2024
Қалалық мәслихатта Кендебай Адамбектің төрағалығымен бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы көше жарығын қамтамасыз ету, аумақты санитарлық тазарту, көгалдандыру, аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді, тротуарларды, өтпелер мен тұрақтарды абаттандыру бойынша қосымша қаржыландыру қажеттігі туралы хабарлады. Индустриалды парк аумағында жарықтандырылмаған көшелер бар. Сондай-ақ, ШЫҰ елдері басшылары кеңесінің отырысын ұйымдастыруға, жылы аялдамаларды ұстауға қосымша қажеттілік бар.
Депутат Владислав Сергеев аулаларды абаттандыру жөнінде әкімдердің орынбасарларын тыңдағаннан кейін, жағдайдың ретке келтірілмегені, бюджеттен бөлінетін қаражат әрдайым тиімді пайдаланыла бермейтіні жөнінде пікір қалыптасқанын айтты.
Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы бөлінген лимит және қосымша қажеттілік, оның ішінде Қосшығұлұлы көшесін, Агроқалашық көшелерін абаттандыруға қажеттілік туралы баяндады. Өткен жылы Шапағат базарының маңындағы аулалар абаттандырылды, бүгінде аулалардың 60% - дан астамы жөндеуді қажет етеді, сондай-ақ тротуар желісін қайта жаңартуға, ескі вокзалды жөндеуге қаражат қажет. ҚТЖ басшылығымен кездесу барысында вокзал маңындағы алаңды абаттандыру қажеттілігі туралы ұсыныс айтылды. Көптеген аулаішілік жолдар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді.
Депутат Бауыржан Смайылов аудан әкіміне қолдау білдірді, өйткені оң жағалауға назар аудару қажет.
Отырыс төрағасы вокзал маңын абаттандыру маңызды екенін атап өтті, өйткені вокзал - қаланың бет-бейнесі. Бұл кешенді жұмыс, оның барысында көлік ағынынан бастап дүкендер мен кафелер желісі мәселесіне дейін ретке келтіру жұмыстарын назарға алу қажет.
Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Досхан Тұяқпаев көшелерді жарықтандыруды, сәндік жарықтандыруды, санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізуді қосымша қаржыландыру қажеттілігі жөнінде баяндады. Ол Қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныстар бергенін, олар қазір орындалу үстінде екенін айтты. Сондай-ақ, мәслихат депутаттарының Сарыбұлақ саласын абаттандыру, Жастар сарайын жабдықтау, базар маңындағы ауданды, Республика даңғылындағы әскери-патриоттық мұражай аумағын абаттандыру мәселелерін шешу бойынша ұсыныстары болды.
Депутат Қанат Естек қоғамдық дәретханаларды абаттандыру мәселесін тағы да көтерді, бүгінде саябақтарда дәретханалар жоқ, соңғы аялдамалар да дәретханалармен жабдықталмаған. Жыл сайын әртүрлі мәселелерді шешуге қомақты қаражат бөлінеді, ал дәретхана мәселесі әлі шешілмей келеді.
Тұрақты комиссияның төрағасы Кендебай Адамбек қоғамдық дәретханалар салу мәселесін «көше саудасы» жобасына енгізуді ұсынды.
Есіл ауданы әкімдігінен аппарат басшысы Бақытжан Жүнісбеков сөз сөйлеп, бірінші кезектегі қажеттіліктерге, әуежай аумағын, Мәңгілік Ел даңғылын, Керей-Жәнібек хандар көшелерін абаттандыру, сондай-ақ Қонаев, Достық көшелерін көгалдандыру, санитарлық тазалау, абаттандыру бойынша қосымша қажеттілік туралы хабардар етті.
Соңғы болып Нұра ауданы әкімінің орынбасары Руслан Оралов сөз сөйледі, ол жаңа көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатқанына байланысты қаржыландыруға тапшылық бар екенін баяндады. Әкімнің орынбасары Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аудан аумағында өтетінін, сондықтан іс-шара өткізілетін аумақтың шегінде орналасқан ғимараттарды сәндік жарықтандырумен қамтамасыз етуге қаражат талап етілетінін атап өтті.
Кендебай Адамбек штат санының аздығына байланысты Тексеру комиссиясы қаланың барлық ұйымдарына қызмет көрсете алмайтынын, алайда, аудандар әкімдіктерінің аудиті жүргізілгенін атап өтті. Аудит нәтижелерінің қорытындыларында аудандар әкімдіктерінде қаржылық бұзушылықтар анықталғаны айтылған. Бұзушылықтардың 10% - дан астамы тиімсіз жоспарлаумен, тиімсіз пайдаланумен байланысты. Жасыл екпелер бойынша ережелер сақталмайды, жасыл екпелер туралы деректер жоқ, жұмыстар бекітусіз жүргізіледі. Санитарлық тазарту жүргізу ережелерінің бұзылуы анықталған, бағдарламаларда тікелей және жанама көрсеткіштер жоқ, нәтижесінде тиімсіз жоспарлау байқалады. Әкімдіктер ЖСҚ енгізбеген, бір жерлерде жабдықтардың құны асыра бағаланған, қоғамдық дәретханаларды ұстаудың негізсіз қымбаттағаны атап өтілді. Осыған байланысты отырыс төрағасы депутаттарды бюджеттік бағдарламалар әкімшілері енгізген бюджеттік өтінімдерді өте мұқият қарауға шақырды.
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов экономика басқармасымен жүргізілген бірлескен жұмыстан кейін қосымша қаржыландыруды қажет ететін бағыттар анықталғанын баяндады, олар: Наурызға арналған іс-шараларды өткізу, туризм саласын дамыту, өңірлерден балаларға елордаға экскурсиялар ұйымдастыру, арнайы техника лизингі. Сондай-ақ, ол жеке меншік ұйымдардың инвестицияларымен қоғамдық дәретханалар бойынша пилоттық жобаны іске асыру басталғанын хабарлады.
Депутат Владислав Сергеев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайындыққа және қоғамдық дәретханаларды абаттандыруға қосымша қаржы бөлу қажеттілігін қолдады. Ол жеке меншік ұйымдармен инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны өте маңызды екенін атап өтті. Депутаттың пікірінше, бұл маңызды мәселелер бойынша жеке отырыс өткізу қажет.
Депутат Бауыржан Смайылов балабақшалар құрылысымен ӘКК айналысуы керек деп санайды.
Отырыс төрағасы Кендебай Адамбек Жоғары аудиторлар палатасы тексеру жүргізгенін, қалалық таксиге қатысты көптеген бұзушылықтар анықталғанын хабарлады. Ол бұл мәселені бақылауға алуды өтінді.
Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Мейрамбек Әшірбеков қалалық оқиғалардың барлық аспектілері бойынша ахуалдық орталық құру жөніндегі қызметтерге қосымша қажеттілік бар екенін баяндады. QalaQyzmet жобасы «Астана Innovations» АҚ қарамағына ауыстырылды, оны іске асыру үшін қосымша қаржыландыру қажет.
Отырыс соңында Кендебай Адамбек қатысушыларға Сергек МЖӘ жобасы аудиттен өткенін, анықталған барлық бұзушылықтар депутаттар мен мүдделі мемлекеттік органдардың бақылауында болуы тиіс екенін айтты.