Заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның бюджеттік өтінімдерді қарау бойынша отырысы
19.02.2024
Қалалық мәслихатта Азамат Айтхожиннің төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында депутаттар елорданың 2024 жылға арналған бюджетін нақтылау бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері енгізген бюджеттік өтінімдерді қарады. Бұл, нақтылау енгізу бойынша бірінші отырыс болып табылады, аптаның ішінде осындай отырыстарды мәслихаттың қалған бейіндік комиссиялары да өткізетін болады.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қызметкерлер штатын кеңейтуге, маңызды мерейтойлық іс-шараларды, ҚХА іс-шараларын ақпараттық сүйемелдеуге қажетті қосымша қажеттіліктер туралы баяндады.
Депутат Владислав Сергеев қомақты қаражаттың ішкі саясат басқармасының іс-шараларын өткізуге сұратылып отырғанын атап өтіп, осы іс-шаралардың тиімділігін тексеруді ұсынды. Депутаттың пікірінше, ҮЕҰ қолдау орталығы өз функцияларын орындамайды, сондай-ақ осы ұйымның шығыстарының тиімділігіне назар аударған жөн. Бұған дейін дін істері басқармасы жерлеу жүйесін автоматтандыруды ұсынған болатын, бастама аяқталуы керек. Депутат бұл мәселені жеке отырыста қарауды ұсынды.
Патриоттық тәрбие беру жөніндегі «Жас сарбаз», «Есірткісіз Астана», семинарлар, тренингтер, кездесулер, қаланың әртүрлі аудандарындағы төрт аула клубының қызметін қолдау бойынша іс-шаралар кешенін қосымша қаржыландыру қажеттілігі туралы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев баяндады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов «Жас сарбаз» таныс жоба екенін атап өтті. Мұндай әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен өткізілуі маңызды. Каналимов мәслихат депутаттарының осы жоба сабақтарына қатысуын жоспарлауды ұсынды. Сондай-ақ, ол бұған қоса білім басқармасы Әскери-патриоттық тәрбие орталығын құруды жоспарлап отырғанын атап өтті. Бірыңғай тұжырымдама, нақты мақсаттар, көрсеткіштер және күтілетін нәтиже болуы керек. Мысалы, нашақорлықтың алдын-алу бойынша іс-шаралар парақшаларды таратумен, бір реттік іс-шараларды өткізумен шектеледі. Көптеген аула клубтары нашар үй-жайларда орналасқан, оларды білім басқармасына тапсыру керек.
Депутат Бауыржан Смайыловтың пікірінше, қала шетінде тұратын жастарға көбірек көңіл бөлу керек, оларды спортпен, шығармашылықпен айналысуға тарту керек.
Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев бес міндетті шешу үшін діни ахуалды зерделеу жөніндегі іс-шараларды өткізуге қосымша қажеттілік туралы хабардар етті, олар: екі дөңгелек үстел ұйымдастыру, теологтар санын көбейту, деструктивті құрылымдардың ықпалына түскен адамдарға консультациялық-психологиялық көмек көрсету, діни ұйымдардың мониторингін ұйымдастыру, интернет-кеңістік мониторингі, автоматтандырылған интернет-портал бағдарламасын сатып алу, халыққа қолжетімді YouTube каналы, радиостанциялар арқылы ақпараттық насихаттау жұмыстарын жүргізу.
Депутат Бекзат Жолжақсынов Діндерді зерттеу орталығының орналасқан жеріне қатысты нақтылауды сұрады, ресми сайтта байланыс деректері көрсетілмеген. Депутат бұрын мешіт базасында жастар үшін байланыс орталығы жұмыс істегенін, олармен имамдар жұмыс істегенін атап өтті.
Депутат Ғабит Тәжімұратов мешіттерге барып қайтуды ұсынды. Депутаттың айтуынша, кейбір мешіттерде намаз өткізу ережелері өздігінше түсіндіріледі.
Депутат Қанат Естек теологтар санын көбейтуді қолдайтынын айтты. Басқарманың қоғамдық ұйымдармен жұмысы туралы сұрады. Естек жастарды ұлттық тәрбиелеу бойынша қоғамдық ұйымдармен бірігіп жұмыс жүргізуді ұсынды.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың пікірінше, негізінен жерлеу жүйесін сәйкестікке келтіру дін істері басқармасының құзыретіне кірмеуі тиіс. Каналимов мәслихатта пилоттық режимде қосымшаның іске қосылғанын, оны цифрландыру басқармасы әзірлегенін еске салды. Мәслихат төрағасы халал өнімдер нарығын зерттеумен айналысуды сұрады. Бүгінгі таңда жалған өнімдер көп. Сертификатты кім, қандай мерзімге алғаны жөнінде бірыңғай дерекқор жоқ.
Депутат Владислав Сергеев бір кездері басқарма жерлеу жүйесін автоматтандырумен айналысып, конфессияаралық текетірестің алдын алу бойынша айтарлықтай жұмыс атқарғанын атап өтті.
Қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Айтмағамбетов депутаттарды ауқымды іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін, оның ішінде арнайы батальондарға арналған көлік, оқ өтпейтін жилеттер, радиостанциялар жиынтығын сатып алу, бейнетіркеу құралдарын жалға алу, материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту және т.б. қаржыландыруға қосымша қажеттілік туралы хабардар етті. Қалада тағы да бір Бейімдеу және детоксикация орталығын ашу мәселесі өткір тұр. Өйткені, алкогольге тәуелділік мәселесі әлі күнге дейін өте өзекті және көптеген қылмыстарды адамдар мас күйінде жасайды. Сондай-ақ, бастықтың орынбасары коммуналдық тұрақтарға қатысты мәселені көтерді, оларда 1-3 жыл бойы қар астында, иесіз тұрған көліктер көп.
Мәслихат төрағасы толық көлемде орындалып жатқан кешенді жоспарға қол қойылғанын айтты, қазіргі мәселе ПД материалдық-техникалық жағдайын жақсарту болып отыр. Мәслихат төрағасының пікірінше, алғашқы нақтылау барысында депутаттар ПД өтінімін қолдауы қажет. Каналимов ПД-нің тұрақтарға баруды ұйымдастыруын сұрады, көліктер мен дөңгелектердің жоғалу фактілері бар. ПД-не әкімдіктің қарауындағы полицияның мобильдік пункттерін, айыппұл тұрақтарын аралау кестесін әзірлеу ұсынылды.