Әлеуметтік көмек мәселелері талқыланды
07.02.2024
Жаңа жылда өткен Қоғамдық кеңестің бірінші отырысында мемлекеттік мекемелердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесіне қосымша санаттар енгізу мақсатында Әлеуметтік көмек көрсету ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды, атап айтқанда «асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар».
Сондай-ақ, қосымша әлеуметтік көмек көрсету мақсатында және Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығарудың 35 жылдығына орай мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына 5 АЕК мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек беру туралы мәселе талқыланды.
Мәдениет саласындағы коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) бағаларын белгілеу мәселесін талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері студент жастарға жеңілдікті билеттер, мектеп оқушыларына абонементтер беру мәселелерін қарауды ұсынды. Жастарды театрларға, мұражайларға баруға тарту үшін ақпараттық жұмысты жандандыру, Театр күндерін, Музей күндерін ұйымдастыру ұсынылды.
Сонымен қатар, қаладағы кітапханалардың санын арттыру, жастарды кітап оқуға тарту, кітап жәрмеңкесін ұйымдастыру бойынша ақпараттық жұмыс жүргізу қажеттігі туралы мәселе көтерілді.
Сондай-ақ, «Астана қаласында шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемесін бекіту туралы», «Астана қаласы бойынша 2024 жылға арналған мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» мәселелер қаралып, мақұлданды.