Сарыарқа ауданын абаттандыру мәселелері жөніндегі мәслихат отырысы
15.01.2024
Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалығымен Сарыарқа ауданын абаттандыру мәселелері бойынша отырыс өтті.
Сарыарқа ауданының әкімі Ералы Бауыржан сөз сөйлеп, өткен жылдағы атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылға арналған жоспарлар туралы ақпарат берді. Аудан аумағында 345 мың адам тұрады, аудан аумағы 6 мың гектардан асады. Барлығы 330 көше бар, оның 305-і жарықтандырылған. Аудан аумағына Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық тұрғын алаптары кіреді. Әкім тұрғын алаптарды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді жөндеу, қоқыс алаңдарын абаттандыру және жөндеу, көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ол 2023 жылы арық-науа желісі мен су өткізгіш құбырларға жөндеу жүргізілгенін, аталған жұмыс ағымдағы жылы да жалғасатынын атап өтті. 2023 жылы 7 бағдаршам орнатылды, 8 бағдаршам орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, 2024 жылы инвесторлар есебінен жылы аялдама пункттерін салу жоспарлануда, көшелерді асфальттау жұмысы жалғастырылатын болады. Сонымен қатар, 3 мың ағаш, 1 мың көпжылдық өсімдіктер отырғызу, жергілікті суару жүйесін дамыту, гүлзарлар құру жоспарлануда. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес ескі тұрғын үйлерді жаңарту және бұзу жұмыстары жоспарланған, үйлер мен әлеуметтік объектілерге газ тарту белсенді түрде жалғасуда.
Депутат Талғат Ерғалиев аудан әкімдігі аумақты абаттандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтіп, көшелерді асфальттау, аялдама пункттері бойынша сандық көрсеткіштердің төмендеуіне назар аударуды сұрады. Депутат проблемалық мәселелердің басым бөлігі қалалық басқармалардың қызметіне қатысты болғанымен, тұрғындар наразылықтарын бірінші кезекте фронт-офистердің миссиясын орындайтын әкімдіктерге білдіретінін атап өтіп, сондықтан басқармалардан аудан әкімдіктеріне қолдау көрсетуді сұрады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов ауданы 2 гектарға дейінгі саябақтар мен скверлер аудан әкімдіктеріне берілетінін, ал үлкен алаңдар қоршаған ортаны қорғау басқармасының қарауында екенін айтты. Тиісті бақылаудың болмауына байланысты Ильинка тұрғын алабында ағаштардың 95 %-ы қурап қалған. Мәслихат төрағасы болашақта бұндайға жол берілмейтініне сенім білдірді. Жылы аялдамаларға келсек, бастапқыда оларды әлеуметтік объектілердің жанында, содан кейін тұрғын алаптарда салу туралы шешім қабылданған. Бүгінгі таңда жылы аялдамалардың көпшілігінің жай-күйі нашар жағдайда. Бейнекамералар Жедел басқару орталығына қосылады деп уәде берілген болатын, бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ.
Депутат Бауыржан Смайылов 15-ші округ аудан аумағында орналасқанын айтып, аудан әкімдігінің жұмысы жүргізіліп жатқанын растады, бірақ көптеген мәселелер қойылған міндеттерді уақытында орындамайтын басқармаларға байланысты шешілмейді. Депутаттар Жол картасының тармақтарын орындауы тиіс.
Депутат Азамат Айтхожин жылдамдықты шектегіштерді, бағдаршамдарды орнату қажеттігін еске салды, сондай-ақ, газ өткізгеннен кейін көшелердің, жолдардың ретке келтірілуіне назар аударуды сұрады.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов өткен отырыстардың бірінде сандық карта жасау туралы шешім қабылданғанын, барлық проблемалық мәселелер картада белгіленетінін, нәтижесінде депутаттар орындалған тармақтар мен шешілмеген мәселелер туралы нақты көрініске ие болатынын атап өтті. Мәслихат төрағасы кейбір тұрғын алаптардың өнеркәсіптік аймақтарға енгізілетінін тағы да еске салды, тиісінше, олардың аумағында ірі объектілерді салуды жоспарлау орынсыз.
Сондай-ақ, Каналимов 109 анықтамалық-ақпараттық қызметіне түскен мәселелерді ескере отырып, Жол картасын, аудан әкімдіктерінің жоспарларын біріктіру және цифрландыру қажет екенін атап өтті. Осылайша, тұрғын алаптарының мәселелері бойынша алдағы үш жылдыққа арналған карта әзірленетін болады. Депутаттар тұрғын алаптарын дамытуға көп көңіл бөледі, тиісінше айтарлықтай қаржыландыру бөлінеді. Сарыарқа ауданында екі ірі жоба - аурухана мен емхана құрылысы көзделген, бұл тұрғын алаптарда тұратын азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін болады.
Депутат Жандос Рахмет электрондық карта қашан дайын болатынын сұрады.
Мәслихат төрағасы картаның 10 ақпанға дейін дайын болатынын айтты, бір ауданның мысалында карта көрсетіледі және соған сәйкес проблемалық мәселелер талқыланады. Каналимов көлік басқармасының өкілінен жапырақтары көше шамдарын, бейнекамералар мен жол белгілерін жауып тастаған ескі ағаштарға қатысты шешілмеген мәселе жөнінде сұрады. Сондай-ақ, мәслихат төрағасы бір-біріне қайшы келетін жол белгілеріне қатысты мәселені көтерді. Осыған байланысты ол депутаттарға аудан әкімдіктері мен көлік басқармасының өкілдерімен бірлесіп аудандарды аралап шығуды ұсынды.